Бірліктің туы биік

360

0

«Достық» үйінде облыс әкімі, облыстық ассамблея төрағасы Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Әділетті Қазақстан – даму мен бірегейліктің негізі» тақырыбында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ХХV сессиясы өтті. Алқалы жиынға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, ғалымдар мен сарапшылар, этномәдени бірлестік жетекшілері, белсенді үкіметтік емес ұйымдар мен жастар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және ZOOM байланысы арқылы барлық аудан активі мен аудандық Қазақстан халқы ассамблеясының құрылым мүшелері  қатысты.

Сессия басталмас бұрын қатысушылар облыстың 85 жылдығына арналған қаланың маңызды нысандары мен көрнекті орындарының фотокөрмесін тамашалады. Алқалы жиын модераторы облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов болды. Сессияның күн тәртібінде облыстық ассамблеяның жұмыстары мен алдағы міндеттері талқыланды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ассамблеяның жалпыұлттық тұтастықты нығайтудағы маңызын айтты. Сонымен бірге бірінші жартыжылдықтың қорытындысына, аймақтың негізгі макрокөрсеткіштеріне тоқталды. Мемлекет басшысының туған жерді түлету бастамасына үн қосқан жергілікті кәсіпкерлер мен меценаттар атқарған жұмыстар туралы да хабардар етті.

–    Киелі Түркістан төріндегі Ұлттық құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Біз аз уақытта зор серпіліс жасадық. Бұған ынтымақ-бірліктің және сындарлы қоғамдық диалогтың арқасында қол жеткіздік» деп атап өтті. Отандастарымызды бір мақсат, бір мүддеге ұйыстырудағы бірегей құрылым – Қазақстан халқы ассамблеясы. Осыдан тура бір жыл бұрын өткен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІV сессиясында берілген бірқатар нақты тапсырмалар жүзеге асырылып, толымды нәтижелерге қол жетті. Қызылордада «Анаға тағзым» орталығының ғимараты бой көтеріп, «Халық достығы» аллеясы салынды. Сол жағалаудағы «Рухани жаңғыру» орталығы Үкіметтік емес ұйымдар үйі болып ашылды. «Достық үйінің» базасында Қазақстанның саяси реформаларының іске асырылу барысын түсіндіру мақсатында сарапшылар даярлау жөніндегі әдістемелік орталық құрылды. Сарапшы топ мамандары екі әдістемелік құрал әзірледі.  Этномедиация бағытын дамытуға арналған жобалар жүзеге асырылып, кәсіби және қоғамдық негіздегі медиаторлар арнайы курстардан өтті. Сыр өңіріндегі аналар кеңесінің «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы үздік деп танылып, өзге өңірлерге тәжірибе ретінде таратылды, – деді облыс әкімі.

Кейінгі кезде этномәдени бірлестіктердің атаулы мерекелері де назардан тыс қалған емес. Осы уақыт ішінде «Славяне» этномәдени бірлестігінің  25 жылдығы, татар этномәдени бірлестігінің 30 жылдығы, «Алекс» би өнері мектебінің 25 жылдығы, республикалық «Корё ильбо» газетінің 100 жылдығы аталып өтті. Облыстық ассамблея жанынан ақсақалдар кеңесі құрылды. «Өз еліңді таны!» жобасы аясында олар тарихи қалалар мен киелі орындарға саяхаттауда.

Мемлекет басшысы елімізде жоғары білім қолжетімділігін арттыруды және 2025 жылға дейін беделді шетел университеттерінің 5 филиалын ашуды тапсырды. Осы орайда облыс әкімі бастаған делегация 22-25 мамыр күндері Корея Республикасының Сеул, Тэджон қалаларына және Чоллабук-до провинциясында іссапарда болып, Сеул қаласында Ұлттық ғылыми-техникалық, Шинхан университеттерінің президенттерімен кездескен болатын. Қызылорда қаласында Корея университеттерінің филиалдарын ашу және жергілікті үздік мектеп түлектері үшін арнайы гранттар бөлу жұмыстарының басталғанын да облыс басшысы айтып өтті. Бірнеше айдың ішінде Ресей, Өзбекстан елдерінің Бас Консулдарымен кездесулер өтіп, облыстың сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-рухани, туризм, білім және ғылым салаларында өзара ынтымақтастық орнату жөнінде нақты ұсыныстар талқыланғанын тілге тиек етті. Бұл жұмыстар аймақ экономикасының тұрақты дамуына серпін беріп, өңірдегі қоғамдық келісім мен бірегейліктің нығаюына өз септігін тигізе бермек.

Сессия барысында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, облыстық мәслихат төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамов қазіргі қоғам үлкен трансформация үстінде өмір сүріп жатқанын, елдің тыныштығы мен бірлігіне ештеңе жетпейтінін айтты. Сонымен бірге ассамблеяның маңызды рөліне тоқталды.

–    Халқымыз бірлік пен тыныштықтың қадірін қаншалықты маңызды екенін өз көзімен көріп, бастан өткізді. Президенттің бастамасымен қолға алынған саяси реформалар бағдарламасы барлық этносты бір ұлтқа біріктірудің жаңа платформасына айналып келеді. Кейбір үстірт түсінетін адамдар ассамблеяның қажеттілігі қанша деп, біржақты көзқарастарын да білдіріп жатады.  Мұны біз этноцентристік көзқарас ұстанатындар деп қабылдаймыз. Ал ассамблея аз этностарға қазақ қоғамы мен мемлекетке сіңісіп кету үшін қажет. Олармен бірге қоғамның бірегейлігін қалыптастырып, проблемаларды  сараптап, болжам жасап отыруымыз – алдымен мемлекет құрушы қазақ ұлты үшін қажет. Қазір елдің ішінде бүлік тудыруда этникалық алауыздық, тілдік, діндік текетірестерді қолдану оп-оңай. Өйткені біздің қоғамда  тек қана көп этнос немесе көп конфессия ғана емес, әлемдік үрдіске қатысты өркениеттік ұстанымдардың да белгісі байқалып келеді, – деді Наурызбай Сейтқалиұлы.

Сондай-ақ, ол тап қазіргі оқиғаларға, көзқарастар мен ұлтаралық таным-түсініктерге қатысты да қоғамдық пікірді елекке салып өтті.

– Қазіргі әлемдік жанжалдардың басым бөлігі өркениеттер арасындағы қақтығыс ретінде қалыптасып келеді. Қазақ қоғамының да сыртқы қысымдарға ұшырауы, ішкі өзара әзіл де болса айтатын қала мен дала, шала мен таза қазақ, ескі қазақ, жаңа қазақ, орыс пен украинді қолдайтын, қолдамайтын қазақ, ассамблеяны жақтайтын, жақтамайтын сияқты бөлініс белгілері біз үшін қаншалықты қажет? Бұның барлығы ішкі іріткілерге себеп болуы ықтимал. Ал қазақтардың болашағы ұлттық бірліктің дұрыс  шешілуіне тікелей байланысты екеніне ешкімнің дауы жоқ деп ойлаймыз. Әрқайсысымыз ұлттық мүдде дегенде даңғаза жасамай, сабырлы да ұстамды, табанды үлес қоса беруіміз тиіс. Сондықтан да ассамблея еліміздегі этностарды бір өркениетке тоғыстыру үшін құрылғандықтан, оның орнын жоққа шығаруға болмайды. Ассамблея басқа этностар үшін емес, алдымен қазақ ұлты үшін қажет, – деді.

Басқосуда баяндамашылар келелі ой айтып, мұнан өзге де қоғамдағы мәселелерді қозғады. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары, философия ғылымдарының докторы, профессор Баймырза Қожамберлиев ел бірлігінің маңызына тоқталып, татулық пен келісім, бірегейлік жай ұрандаған сөздер емес, әр адамның ұстанымына айналу керегін айтты. Ал облыстық ҚХА жанындағы аналар кеңесінің мүшесі, онкология орталығының дәрігері Юн Виктория кейінгі уақытта жасөспірімдер мен мектеп оқушыларының арасында синтетикалық есірткіге тәуелділіктің артқанын және мұндай заттардың дәріханаларда нұсқаулықсыз оңды-солды сатылып жатқанына назар аударды.

Күн тәртібінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық негіздегі орынбасары қызметіне облыстық татар этномәдени бірлестігінің төрағасы, ұзақ жылдар білім саласының дамуына үлес қосқан білікті ұстаз, ардагер Галия Гизатуллина тағайындалды. Бүгінге дейін осы қызметті атқарған өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі Кахар Дадашевке алғыс білдірді.

Облыс әкімі, облыстық ҚХА төрағасы Нұрлыбек Нәлібаев сессияны түйіндей келе, осы салаға жауапты тұлғаларға тапсырмалар беріп, бірқатар міндеттерді жүктеді. Алдағы уақытта облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдерімен жарты жылда кемінде бір рет кездесудің жұмыс кестесі әзірленіп, жүзеге асырылуы керек. Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру бойынша белсенді ақпараттық жұмыс, этномәдени бірлестіктердің, Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық құрылымдары мен олардың белсенділерінің маңызды қоғамдық бастамалары мен жобаларын қолдау жалғаса береді. Аймақ басшысы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына облыстық мәдениет және спорт басқармасымен бірлесіп тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтарының жоба-сметалық құжаттамасын және эскиздік жобасын әзірлеуді жеделдетуді тапсырды. Жауапты басқармаларға  тәрбие, жасөспірімдерді есірткі мен психотроптық заттардан қорғауды үйлестіру жұмыстары жүктелді. Сонымен қатар «Достық үйін» жөндеу жұмыстарына қаржы бөлу, «Достық аллеясына» сахна және ашық аспан астындағы кітап сөресін ұйымдастыру тапсырылды.

Алқалы жиын соңында Сыр өңірінің рухани-мәдени дамуына этносаралық бірлік пен қоғамдық келісімнің сақталуына үлес қосқан бірқатар азаматтар мен ардагерлер марапатталды.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<