Биыл 5 мектеп пайдалануға беріледі

448

0

Нақты кезеңде облыста білім ордаларының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Былтыр аймағымызда 6 жаңа мектеп, 19 балабақша, 1 оқушылар үйі пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 6 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта жаңартылды.

Ал биыл облыста 5 жаңа білім нысаны ел игілігіне берілмек. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов айтты.
– Білім саласы – жан-жақты әрі жүйелі жұмысты талап ететін ауқымды саланың бірі. Осы орайда биыл өңірде бірнеше білім беру ұйымы пайдалануға беріліп, оқушылар жаңа ғимаратта сапалы білім алатын болады. Атап айтсақ, Жаңақорған ауданында 300 орындық мектеп, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде 250 орындық мектеп, Шиелі ауданы, Байсын ауылында 250 орындық білім ордасы мен Қызылорда қаласы, Бәйтерек шағын ауданында 600 орындық білім беру ұйымы халық игілігіне пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, мектептерді заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету де – басты міндеттердің бірі. Осыған сәйкес, ауылдық елдімекендердегі 47 мектеп қайта жаңартудан өткізіліп, 51 мектепке пәндік кабинеттер жасақталатын болады, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында осы жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғаны белгілі. Аталған жоба аясында алдағы 3 жылда облыста 15 100 орынға арналған 21 мектеп салынады деп жоспарлануда. Ал биыл 10 білім ордасының құрылысы басталады. Апатты мектептерді жою бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылды.
Өткен жылы апатты деп танылған 6 мектептің 3-уінің мәселесі оң шешімін тапса, ал қалған 3 мектеп «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынады. Жалпы, жыл сайын мектептерде орын тапшылығы туындайтыны жасырын емес. Бұл қажеттілікті ескере келе, қаладағы Абай мектебіне 550 орын, №101 мектепке 375 орынға лайықталған қосымша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Олар биыл табысталады.

Жанболат ӨМІРЗАҚ,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

4-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<