Биыл мереке ерекше сипатта тойланады

393

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Наурыз мейрамының форматын жаңғырту қажеттігін ортаға салып, азаматтардың күнделікті өміріне шуағын төгетін жаңа рухани тірек негізінде сұраныстарды ескеруді тапсырған болатын. Бүгінде мерекені тойлаудың жаңа тұжырымдамасы қабылданды.

Осыған сәйкес өңірде ұйымдастырылатын 73 тармақтан тұратын іс-шара жоспарымен облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов брифинг барысында таныстырды. Ұлыстың ұлы күніне орай мерекелік іс-шаралар облыс көлемінде кеңінен атап өтіледі. Ол қоғамдық-бұқаралық, мәдени-көпшілік, ғылыми-танымдық және спорттық бағыттарды қамтиды.

– Қала және аудан орталықтарында мерекеге сәйкес көрнекі безендірулерге ерекше мән берілмек. Биылдан бастап 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі жарияланды. Бұл онкүндік төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға, ең жақсы адами қасиеттерді – ашықтықты, шынайылықты, жауаптылықты, қайырымдылықты ашуға бағытталған. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, терең мазмұн-мәнге ие, – деді басқарма басшысы.

Амал мерекесі күні қала және аудандарда ерікті жастар қарттар үйіндегі ардагерлерді құттықтап, театрландырылған концерттік қойылымдар болады. 15 наурыз қайырымдылық күнінде мұқтаж жандар мен дағдарыс орталығындағы балаларға, көпбалалы отбасыларына арнайы мерекелік құттықтаулар ұйымдастырылады. Биылғы жылы Наурыз мерекесінің онкүндігі қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келгендіктен, Президенттің атынан аймақтағы көпбалалы отбасы, еңбек адамдары, қоғам белсенділері, ардагерлер және т.б. азаматтарға арнап ауызашар берілмек. Бұған қоса, «Шарапатты Рамазан» атты ауызашар қоржыны үлестіріледі. Сондай-ақ аймақтағы әлеуметтік аз қамтылған 2300 отбасына қайырымдылық көмек беріледі. Тұрғын үй кезегінде тұрған 215 отбасына Қызылорда қаласындағы Жаппасбай батыр көшесі және Тасбөгет кентінен пәтер кілті табысталады.

16 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні». Бұл күн мәдениетті, өнерді және ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналады. Ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу бойынша өтетін іс-шара жоспары жайлы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова айтты. Дәл осы күні С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, креатив суретші Дәулет Тойшыбавтың «Кілем арт» атты заманауи кілем бетіне сурет салу өнер көрмесі, «Анаға тағзым» орталығында салт-дәстүрден рәсімдер, «Ақмешіт» музейі филиалында «Ұлы даланың ұлық мерекесі» атты мерекелік шара, Н.Бекежанов атындағы театрда балалар қойылымы және барлық мәдениет ұйымдарында ұлттық салт-дәстүрді насихаттауға бағытталған іс-шаралар, мәдениет үйлері мен клубтарда ұлттық фильм көрсетілімдері өткізіледі.

18 наурыз – Ұлттық киім күнінде  «Анаға тағзым» орталығында «Этно FASHION» ұлттық киімдерден сән үлгісі фестивалі, «Отбасы орталығында» ұлттық киімдер дефилесі өткізіліп, әлеуметтік желілерде ұлттық киімдерді дәріптеу үшін арнайы челленджер ұйымдастырылады.

Қала бойынша 150 іс-шара өтеді. 21 наурыз күні кешке Тараз қаласы көшесінде эстрада әншілері мен жергілікті өнерпаздардың қатысуымен гала-концерт болады. 22 наурыз күні негізгі шара «Өнер орталығының» алдынан бастау алады. Онда «Руханият ауылы» ұйымдастырылып, басқармаға қарасты мекемелер киіз үйлер тігіп, креативті қолөнер шеберлерінің сауда көрмелері,  музей, кітапхана, архив салалары бойынша тақырыптық көрмелер, ұлттық киімдерден дефиле, салт-дәстүрлерден көріністер, жыршы-жыраулардың, дәстүрлі орындаушылардың концерті өтеді.

Биыл Байқоңыр қаласында мемлекеттік және ұлттық мерекелерді өткізу бойынша іс-шаралар жоспары әзірленіп, 23 наурыз күні Байқоңыр қаласында өтетін Наурыз мерекесінде облыстық филармонияның концерті ұйымдастырылады. Сонымен қатар мерекелік онкүндік барлық аудан мен қалада ағаш көшеттерін отырғызу және көшелерге тазалық жұмыстарын жүргізумен жалғасын табады.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<