Бюджет қаражаты тиімді жұмсалуы тиіс

1236

0

Өңірдегі түйінді мәселелерді шешудің тиімді тетігі – бюджет қаржысын ұқыпты әрі тиімді пайдалану екені даусыз. Облыстық мәслихаттың әрбір сессиясында бұл талап үнемі қаперде.

Кезектен тыс ІІІ сессия алдында тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті. Онда 2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет жайы кеңінен талқыланды.

 – Өздеріңіз білетіндей, облыстық бюджет түсімдерін барлығы 14,1 млрд теңгеге ұлғайту жоспарланған. Енгізілген өзгерістерге сәйкес облыстық бюджетті 18,9 млрд теңгеге нақтылау ұсынылып отыр. Осы нақтылауда энергетика, құрылыс, автомобиль жолдары, әлеуметтік салалар бойынша қаржы қаралуда, – деді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Н.Қордабай.

Сондай-ақ, басқарма басшысы депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Мінажадин Өтеев,

облыстық мәслихат депутаты:

– Қазіргі пандемия кезінде кәсіпкерлікті дамытуға ынталандыру жұмыстары назарда болғаны дұрыс. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 19 сәуірдегі «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған және «Қазақ­станның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсын өткізу жөніндегі іс-шаралар жос­парына сәйкес «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсын өткізуге қаражат көзі қарастырылса.

Сонымен қатар, жаппай кәсіпкерлікті да­мытудың үшжылдығы аясында мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге арналған «Өзіңе сене бас­та!» көрме-конкурсын ұйымдастыруға бюджет шамасы қандай?

– Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының іс-шаралар жоспарына сәйкес «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсын өткізуге 5,3 млн теңге бөлінді. «Өзіңе сене баста!» көрме-конкурсын ұйымдастыруға 7,9 млн теңге қаралуда.

Наурызбай Байқадамов,

облыстық мәслихат хатшысы:

– Облыс әкімінің аппараты тарапынан мемлекеттік қызметшілер арасында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс нормаларын түсіндіру жұмысын ұйымдастыру мақсатында мемлекеттік қызметшілерді оқытуға қосымша қаржы қарау мәселесін ортаға салғым келеді.

Сондай-ақ, биыл 17 наурызда Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев ВКС режимінде өткізілген жиында барлық дең­гейдегі мәслихаттар жұмысын барынша ақпарат­тандыруды міндеттеді. Соған сәйкес облыстық мәслихат жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін бейнекамера, микрофон және қажетті қосалқы техникалық жабдық сатып алу қажетілігі туындап отыр.

Облыстық ішкі саясат басқармасының «Сая­си қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік экспедиция жұмысын үйлестіру» әлеуметтік жобасын жүзеге асыруға да қосымша қаржы бөлінсе.

– Алғашқы мәселе Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен азаматтардың өтініштерін қараудың жаңа форматына көшу жөніндегі кеңес хаттамасына сәйкес көтеріліп отырғаны белгілі. Хаттаманың жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау бөлімінде мемлекеттік қызметшілер арасында әкімшілік процестік нормаларды түсіндіру жұмысын ұйымдастыру керектігі қамтылған. Осы орайда жергілікті атқарушы органдардағы 1957 мемлекеттік қызметшіні оқытуға 18,8 млн теңге қаралуда.

Ал облыстық мәслихат жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында бейнекамера, микрофон, қажетті қосалқы техникалық жабдық сатып алуға 1,7 млн теңге көзделген.

Соңғы сұрақ бойынша айтсам, өңірлік экспедиция жұмысын үйлестіру әлеуметтік жобасына қажетті қаражат көздерін шешеміз. Бұл мәселе бүгінгі күні өзекті. Қаншама зардап шеккен адамдардың ұрпақтарының аманаты деп түсінеміз.

Нұридин Әмитов,

облыстық мәслихат депутаты:

– Облыстық құрылыс, сәулет және қала құры­­лысы басқармасының «Арал ауданы Хан елді мекеніндегі медициналық пункт құры­лысы»,«Қазалы ауданы Водокачка елді мекеніндегі медициналық пункт құрылысы» жобаларының жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге бюджеттен қаржы бөлінсе.

– Сіз айтқан Аралдағы медициналық пункт құрылысы бойынша да, Қазалыда медициналық пункт салу бойынша да әрқайсысына 1,7 млн тең­геден жобалық-сметалық құжат әзірлеуге бөлінеді.

Бақдәулет Махашов,

облыстық мәслихат депутаты:

– Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының «Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы №4 тұрғын кварталы құрылысының №7,8,9 учаскелерінің инженерлік инфрақұрылымын жобалау. Бас жос­пар және телефон желілері»;

«Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде 4 пәтерлі жалдамалы тұрғын үйлердің 10 көпқабатты ғимараттарының құрылысы. Бас жоспар және телефон желілері»;

«Қызылорда қаласының СПМК-70/4 ауданында сыртқы инженерлік желілері бар тұрғын үй ауданы. Абаттандыру. Телефон желілері» жобаларын бюджеттен қаржыландыруға мүмкіндік жасалса.

Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті органдардың аумақтық органына 3 бірлік жеңіл автокөлік сатып алуға бюджеттің мүмкіндігіне қарай қаржы бөлінсе.

– Сол жағалаудағы квартал құрылысының инженерлік-коммуникациялық желілеріне – 291,9 млн, Қазалыдағы көпқабатты ғимараттар құрылысы бойынша – 3,8 млн, қаланың СПМК-70/4 бөлігіне 16,3 млн теңге қаралуда. Төтенше жағдайлар, азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті органдардың аумақтық органына 3 көлік сатып алуға 20,4 млн теңге бөлінді.

Жорабек Пірманов,

облыстық мәслихат депутаты:

– Облыс әкімдігі 2016 жылдан бері «Даму» қорымен бірге шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін өңірлік қаржыландыру бағдар­ламасын іске асырып келеді. Оған облыстық бюд­жеттен 2016, 2017 жылдары қаржы бөлінді. Қордың кредит беру шартына сәйкес сол жылдардағы қаражатты бюджетке қайтаруы тиіс. Сол қаржыны мемлекеттік «Биз­нес­тің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде шағын және орта бизнеске кредиттерді ішінара кепілдендіру» бағдарламасы аясында кепілдік беру құралына қайта бағыттауды ұсынамын.

– Бағдарлама аясында облыстық бюджеттен 2016 жылы – 500 млн, 2017 жылы 700 млн теңге бөлінген. Кредиттік шарт негізінде қор қаржыны 2021 жылдың мамыр айында бюджетке қайтаруы тиіс болатын. Қазіргі таңда 2017 жылы бөлінген қаражаттың 465,1 млн теңгесін ішінара мерзімінен бұрын бюджетке қайтаруда. 12 сәуірдегі төлем тапсырмасына сәйкес ол бюджетке түсті. Аталған қаражатты мемлекеттік бағдарлама шеңберінде кепілдік беру құралына қайта бағыттау жоспарлануда.

Сәрсенкүл Бихожаева,

облыстық мәслихат депутаты:

– Қоғамдық тәртіпті сақтауда бейнека­мера­лардың атқаратын рөлі белгілі. Бірақ облыс орталығындағы камералар оған дәрменсіз. Бейнебақылау жүйесін кеңейту мақсатында камера сатып алу бойынша бастапқы жұмысқа қыруар ақша теңге бөлінгенін көріп отырмын. Қазір бір тиын ақша құнды болып тұр. Сонда біз тағы жұмыс істемейтін, құр босқа ілініп тұратын камералар үшін ақша жұмсап отырмыз ба деген ой келеді.

Екінші мәселе қаладағы баспанаға қатысты. Оның ішінде тұрмыстық жағдайы төмен, көп­­балалы, көмекке мұқтаж отбасыларға берілетін баспана төңірегінде. Алдағы уақытта оларға сол жағалаудағы үйлерден 680 пәтер берілмекші екен. Бірақ мұның қаржысы, өзіңіз айтқандай, жеткіліксіз. Жезқазған жақтан жер аударып, оны қаржы мәселесі шешілгенге дейін бекерге бос қой­ғанша, осы тұрғын үй құрылысын аяқтауға және оның инженерлік жүйесін жабдықтауға бағыт­талған қаржы мәселесі қолдау тапса деймін.

– Қазіргі таңда камералар үшін 75 млн қаражат белгіленген. Облыстық полиция департаментінің ұсынысын қолдауға қомақты қаржы қажет. Қазіргі таңда Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісілген жұмыс атқарылуда. Президент тапсырмасына сәйкес, бұл – антитеррорлық шараларға қаралған қаржы.

Екінші сұраққа ойыссам. Әлеуметтік осал топтағы отбасыларды баспанамен қамту – «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдар­ламасындағы басымдықтардың бірі. Осы мақсатта сол жағалаудағы кейбір аудандарда тұрғын үйлер құрылысы аяқталған. Бүгінде оларға инженерлік инфрақұрылым жеткізу, үйді табыстау жұмысы қолға алынды. Қала әкімдігінің тізімінде осал топтағы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар бар.

Сессия барысында облыстық мәслихат депутаты Шаһизада Әбдікәрімов денсаулық сақтау мәселесін көтерді. Айтуынша, Қармақшы аудандық ауруханасын жөндеу үшін 85 млн теңгеге жобалық-сметалық жоба әзірленген. Халық қалаулысы артылған қаржыны алдағы уақытта аурухананы жөндеуге бағыттауды ұсынды.

Аманжол Оңғарбаев,

облыстық мәслихат депутаты:

– Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақса­тында облыстық қаржы басқармасы 2020-2021 жылдары 10 модульдік әлеуметтік дүкен ашуды жоспарлағаны белгілі. Соның бесеуінің құрылысы өткен жылы жүргізілді. Қалғаны бойынша қаржы бөлу қажеттілігі туындап отыр. Жобаның маңыздылығына байланысты оны нақтылау барысында қолдауды сұраймын.

– «Алтын қамба» агроөнеркәсіп комбинатына 5 модульдік әлеуметтік дүкен құрылысын жүргізу үшін 34,4 млн теңге қаралуда. Өзіңіз айтқандай, оның 5-і– 2020 жылдың еншісінде. Қалғаны осы бюджетте нақтылануда.

Жанкелді Ысқақ,

облыстық мәслихат депутаты:

– Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бойынша Жаңақорған ауданының Қожакент елді мекеніндегі Беларық көшесін орташа жөндеу жұмыстарына қаржы бөлу мүмкіндігі қарастырылса. Сонымен қатар,осы аудандағы Аққұм елді мекеніне жол салу мәселесі қолдауды қажет етеді.

– Беларық көшесін жөндеуге 22,8 млн теңге қаралуда. Ал Аққұмға жол салу үшін қаржы бөлу мәселесін алдағы нақтылауда қарастыруды ұсынамын.

Ібайдулла Тілеп,

облыстық мәслихат депутаты:

– Балабақша, мектептердің жай-күйі туралы айтқым келеді. Сәуір айында бала­бақшаларда қысқарту басталды. Ондағы қызметкерлер қаңтар, ақпан, наурыз айларында жалақы алған жоқ. Бұл түйткілдің түйіні тарқатылуы керек деп есептеймін. Әрбір жанұяның үкілі үміті – бала екенін ескерсек, олардың жолында аянып қалмауымыз қажет.

– Былтыр бюджетті бекіткенде норматив бойынша оған қаражат қаралды. Балабақшалар қосымша бала алған. Енді қосымша қаражат талап етіп отыр. Мұны алдағы уақытта республикалық бюджет есебінен шешу жолын қарастыру керек. Қазіргі таңда облыстық білім басқармасымен бірге жұмыс жүргізудеміз.

Сұрақ-жауап бөлімінен кейін депутаттардың ұсыныс-пікіріне кезек келді. Облыстық мәслихат депутаты  Қылышбай Бисенов балабақша мәселесіне қатысты былай деді:

– Біз бұл мәселені тұрақты комиссия отырысында көтергенбіз. 1 шілдеге дейін балабақшада қалыптасқан жағдайды шешуге байланыс­ты нақты іс-шаралар жоспарын жасау керек. Облыстық білім басқармасы басшысының сөзіне қарағанда, өзекті проблема әлі күнге шешімін таппай келеді. Аудандар жыл басынан облысқа өтетінін білгелі штатты көбейткен. Бұл мәселеге нақты талдау жасалып, шешімі табылуы тиіс. Осыған байланысты депутаттық топ құрып, атқарушы билікпен жұмыс жүргізсек.

Сонымен бірге сессияда облыс әкімдігінің дербес құрамын келісу, облыстық сайлау комиссиясының құрамын бекіту, қаладағы №11 мектеп-лицейге Әбубәкір Тыныбаевтың есімін беру жөніндегі ұсынысты енгізу мәселелері талқыланды.

Депутаттар А.Әбибуллаева бюджеттің тиімділігі, М.Нәлібаев қауіпсіздік, Т.Шаутай құрылыс, Ш.Имамзада жер мәселелеріне қатысты ұсыныс-пікір білдіріп, түрлі сала өкілдері сұрақтарға жауап берді.

Облыстық мәслихаттың баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<