Боранды күнде қар кешкен қызылордалық фельдшер: Адамдар медицина қызметкерлерінің жұмысын түсінсе деймін

7326

0

Фото: Сая Рысбайдың жеке архивінен

Жедел жәрдем бригадасының аға фельдшері Сая Рысбай бүгінде медицина қызметкерінің бір сәттік жұмысын көрсетіп, көпке ой салды. Аға фельдшердің арманы – білімін жетілдіріп, ата-анасына қамқор болу, бауырларын сүйеп, адам қылу. Сая Рысбай KAZINFORM-ға сұхбат берді.

– Сая, сізбен сөйлескенде медицина қызметкері емес, өзге мамандық иесі деп ойлап қаламыз. Сыры неде?

– Мен де журналист болғым келді. Сынып жетекшім қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, түрлі жарыстарға қатыстыратын. Бала күнгі арманым осы. Бірақ ата-анамның, медицина саласындағы ағаларымның бағыттауымен осы саланы таңдадым. «Әппақ, тап-таза болып жүресің» деп айтқан еді маған. Жаныма жақын адамдардың сөзін жерге қалдырмай, осы саланы құп көрдім. Мамандығым қазір өзіме қатты ұнайды.

– Өзіңіз туралы айтып беріңізші… Қай жерде, қай мектепте білім алдыңыз?

– Мен Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бірлік ауылында тудым. 2016 жылы Алматы қаласындағы медициналық колледжге оқуға түстім. 2020 жылы Ақтөбе қаласына жұмыс келдім. Мұнда әкемнің туған апасына арқа сүйеп жүрмін. Олар шақыртып, үйіне жатқызды. Алайда кейін Хромтаудан, Ақтөбеге көшіп кетіп, қазір ініміз екеуміз пәтер жалдап тұрамыз. Негізі 2020 жылы қыркүйек айынан бастап, яғни, коронавирус өршіп тұрғанда еңбекке араласып кеттім. Қазір аға фельдшер қызметінде жұмыс істеймін. Жұмыс өтіліме 4 жылдай уақыт болды. Келген күннен бастап Ақтөбенің суығын жатырқадым. Тіпті ақша жинап алып, Алматыға қайта ораламын деп айттым. Ата-анамды ойладым бір жағынан. Олар мені оқытты, бағып-қақты. Енді біз ата-анамызға қарайласуымыз керек. Ақшаны жинап, ініміз екеуміз үй салып бердік. Біз төрт ағайындымыз. Үйдің үлкені өзім. Үш қыз, бір ұлмыз. Ата-анамның жанында екі оқушы сіңлім бар. Негізі анам инсульт алып, әкем де уайымға салынып, мүгедектік рәсімделді. Оларды Ақтөбеге әкелмек едім, бірақ туған жерден жыраққа шыққысы жоқ. Оңтүстіктен батысқа ауысқанда қиындау болғаны рас. Халқы, сөйлеу мәнері тік, бірақ адал деп айтар едім. Шақырту кезінде барынша көңілінен шыққым келді. Аға буыннан үлгі алдым.

– Колледжде оқып жүрген кезде тәжірибе жинауға мүмкіндік болды ма?

– Ол кезде аурухана, жедел жәрдем қызметінде тәжірибе жинадық. Өзім көбіне жедел жәрдем фельдшерлерінің жанында жүргенді жөн санадым. Сонымен бірге көріп, үйрену үшін бос уақытымның бәрін сонда өткіздім. Ақтөбеге келген соң да өз әдіс-тәсілдерін көріп, үйреніп алдым. Әлі де біздің білмейтініміз көп. Аға буыннан үйреніп, көргенімді ойға түйіп жүрмін. Біздің ұжым өте тату, ісіне жауапкершілікпен қарайды. Біз Хромтау ауданында орналасқанымызбен, жедел жәрдем қызметі облыс орталығынан басқарылады. Біз үнемі біліктілікті арттырып отырамыз. Басшыларымыз да бізді өзге аудандарға үлгі етеді.

– Білім алып, әрі қарай жоғары маман иесі болу туралы ойладыңыз ба?

– Иә, оқуға түсіп, жоғары білікті маман болу арманымның бірі. Бірақ қазір ата-анама көмектесуім керек. Енді ол арманым бәлкім орындалмайтын шығар. Бірақ оған бола көңілімді түсіргім келмейді. Осы қызметте жүріп-ақ көп адамға қолұшын беріп, көмектесе аламын.

– Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

– Мен кітап оқығанды жақсы көремін. Жаттығу залына да барамын. Негізі бос уақытта да қосымша жұмыс істеген дұрыс. Бұған дейін құрылыс компаниясында медбике болдым. Міндетім – жұмысшылардың ауысымы алдында ішімдік ішіп-ішпегенін тексеру. Қазір ол құрылыс компаниясының қызметі аяқталды. Өзім тек жедел жәрдем бригадасында еңбек етемін. Сонымен бірге бұрын өлең шығаратынмын. Оны да ұмыттым десем болады. Қазір медицина саласына қатысты кітапты көп оқимын. Әке-шешемді ұятқа қалдырғым келмейді. Билеп, өлең айтқанды да жақсы көремін.

– Арманыңыз…

– Ата-анамды емдетіп, аяққа тұрғызғым келеді. Үйдің үлкені болған соң бауырларыма көмектесемін. Анам арнайы балдаққа сүйене, ал әкем екінші топ мүгедегі. Әрине қыз балаға қиын шығар, інім екеуміз бәрін көтереміз. Өзімнен кейінгі қыз-жігіттерге қарасам, баспанасы, көлігі бар. Мен де сондай дәрежеге жеткім келеді.

– Боран күні белуардан қар кешіп, видеодан көргенімізбей кей тұста еңбектеп жүруге тура келген екен. Мұндай жағдайдай жиі кездесе ме?

– 2021 жылы қыста дәл осылай боран болды. Бірақ ол кезде қызу талқыға салынбады. Әдеттегі ауа райы деп білдік. Хромтаулықтардың айтуынша, бұл жолы жел екпіні мықты болды. Адам 2-3 қадам аттаса бірін-бірі көрмей қалды. Аяз жоқ, бірақ ұйытқып соққан жел алдымыздан ұрып, көзіміз ашылмады. Жолды ашқанмен, қайта жауып қалып жатты. Негізі боранды күні күшейтілген тәртіпте қызмет көрсеттік. Өзім ауысымнан шықтым, бірақ үйге қайтайын десем дым көрінбеді. Әріптестеріме көмектесейін деп қалған кезім еді. Ауысымға жете алмағанымыз, ауысымнан шықпай қалғанымыз, яғни, бір-бірімізге қолдау білдірдік. Әрі Хромтау Самара-Шымкент тасжолының бойында орналасқандықтан мұнда жол-көлік апаты көп, қылмыс та тіркеледі. Осыны ескеріп, үш адам болып жүруге рұқсат берген бізге басшыларымыз. Жүрегі ауырып, жедел жәрдем шақыртқан тұрғынға барар жолды түсіріп, диспетчерге жібердік. Осы арқылы біз неліктен кешігіп жатқанымызды көрсеткіміз келді. Карта толтырамыз шақыртуға барғанда. Кешігудің де сұрауы бар, жазаға тартылады негізсіз болса. Сөгіс жарияламас үшін де дәлел ретінде түсірдім. Қарға аунап, жыларман болдық. «Жұмыстан шығамын» деп те айтамыз ондайда. Адамдар алғысы, ризашылығынан соң бәрі ұмытылады.

– Тілегіңіз…

– Адамдар медицина қызметкерлерінің жұмысын түсінсе деймін. Кейде жеңіл дәрежедегі шағым болады. Олар емханаға барудың орнына, жедел жәрдем шақырады. Сондай кезде аса қиын жағдайға тап болған адам көмекке зәру шығар деп ойланған абзал. Біз жете алмасақ, уақыт жоғалтсақ, көңілім түседі. Әріптестерім адал қызмет жасайды деп ойлаймын. Бәрі осы саланы саналы түрде таңдап, оқыды ғой.

– Абыройлы қызмет тілеймін.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<