Дән даласындағы дүбір

890

0

Батыстағы қос ауданның бірі – Қазалыда егін орағы енді қызуда. Әрине, күрішке алғашқы комбайнды өзге аудандар әлдеқашан салған. Облыста тамыздың үшінші онкүндігінде басталған науқан қазан айының онына дейін бітуі тиіс. Меже солай.

Тілшілік тіршілікпен осы ауданға қарасты Аранды ауылдық огругінде болдық. Елді мекен аумағында «Агро-Өркен» серіктестігі жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын серіктестік биыл 700 гектар жерге күріш еккен. Қосымша 300 гектар жоңышқа мен 150 гектар бидай бар. Жиын-терім кезінде мұнда 60-қа жуық адам егін даласында жүреді.

– Қазір науқан нағыз қызған шағында. Суға бастыру кезінде қиындық болмай қалған жоқ. Бірақ егінші жігіттердің еңбегінің арқасында күрішке су толық жетті. Қазір гектарына 50-55 центнерден өнім алынуда. Әрі техникалары да жап-жаңа. Одан бөлек, 50 шақты ауыл тұрғыны қырық гектар жерге бақша егіп, өз-өздерін жұмыспен қамтып отыр. Бұл кәсіпке де шаруашылық басшысының көмегі болды, – дейді Аранды ауылдық округінің әкімі Әбілғазы Томаев.

Бүгінде қамбаны дәнге толтыруға кіріскен қазалылық шаруалар күн-түн демей, бел жазбастан даладағы еңбек майданында. Біз шаруашылықта 30 жылдан аса егіс бригадирі әрі агроном болған Кеңес Шайықовпен кездескенбіз. Оның айтуынша, қарамағындағы 10 күрішшімен бірге егінді жауын-шашынға ұрындырмай, тезірек жинап алмақ. Бар мақсаты да – сол.

– Күріш орымы кезінде уақытқа қарамастан еңбек етесің. Оның үстіне ауа райына сенім жоқ. Жаздай бейнетіңді бір нөсер жауын-ақ рәсуа етеді. Құдай қаласа, келесі айдың басында орақты аяқтаймыз деп отырмыз. Тағы бір айта кететін нәрсе, былтыр шаруашылық төрағасы Медеу Есқожаев үздік шығып, озат атанған жігіттерге қос көлік мінгізді. Биыл да сол үрдіс қайталанады деп естіп отырмыз. Егінші көлік тақымдаса, бұл өзге де жігіттерді ынталандыратыны сөзсіз. Ал қосымша аудан төңірегіндегі түрлі әлеуметтік шараларда серіктестік ұдайы демеушілік көрсетеді, – дейді бригадир.

Қазалы жері әу бастан егінге бейім. Аяқсу жолынан жаңылмай келіп тұрса, мұндағы ағайын еңбектен тартынбасы анық. Жалпы аудан көлемінде 17402 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Ал күріш 6361 гектар жерге себіліпті. Қазір оның 1960 гектарға жуығы орылса, 1240 гектардан астамы бастырылып біткен.

Сондай-ақ аудандағы күріш орағына 42 комбайн, 29 жатка, 115 трактор, 40 жүк көлігі және 60-қа жуық трактор тіркемесі қатысуда.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<