Дәрігер есімі ұмытылмайды

1499

0

Сыр медицинасы туралы айтқанда София Мақашеваның есімі қатар аталады. Өйткені ол  Сыр медицинасының анасы атанып, артында өшпес із қалдырып, адамгершілік қағидаларын әрдайым берік ұстанып өтті. Биыл – КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген дәрігер, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы София Өтегенқызының 100 жылдық мерейтойы. Өңірде ерен еңбегімен есте қалған аға буын өкілдерінің есімін жаңғырту жолға қойылған. Осы орайда облыстық перинаталдық орталықта қайталанбас тұлғаның өнегелі өмірін ұлықтауға арналған «Сыр медицинасының анасы» атты ғылыми-танымдық конференция өтті.

Тағылымды шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты  Ақмарал  Әлназарова, облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет және медициналық ұйымдардың басшылары мен сала ардагерлері қатысты.

Шараны облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет ашып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Онан соң Ақмарал Шәріпбайқызы сөз алып, білікті басшы, майталман маман София Өтегенқызының саланы дамытудағы өлшеусіз еңбегіне тоқталды. Атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып, ұлағатты ұстаз, қайраткер тұлғаның 100 жылдығымен барша әріптестерін, ұрпақтарын құттықтап, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың құттықтау хатын табыстады.  Сонымен қатар  Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы АҚ басқарма төрағасы Гүлфайруз  Оразбаева Алматы қаласынан  арнайы бейнеқұттықтау жолдады.

Конференцияда «Ұстаз ұлағаты. София Мақашеваның өмірдерегі. Білікті ұйымдастырушы. Дәрігер-маман» тақырыбында Қызылорда облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Тұрғанбай Махановтың, «Дәрігер және қоғам. Уақыт» тақырыбында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақовтың, «Медицинадағы  соңғы жаңалықтар. Инновациялар» тақырыбында  облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері Жасұлан Баймахановтың және «Ана мен бала денсаулығын қорғаудағы өзекті мәселелер» тақырыбында облыстық перинаталдық орталығының  бас дәрігері Олег  Кимнің баяндамасы тыңдалды.

София Мақашева 1948 жылы Тәжікстанның Душанбе қаласындағы медицина институтын бітіріп келген соң бірден облыс аудандарындағы емдеу мекемелеріне басшылық қызметке жіберілген. Нақтырақ айтсақ, 1948-1951 жылдары Шиелі, Сырдария аудандық денсаулық сақтау бөлімдерін басқарды.

1952 жылы Қызылорда фельдшерлік-акушерлік мектебінің директоры болып, болашақ медицина қызметкерлерін даярлады.

1952 жылдан бастап облыстың денсаулық сақтау саласын үздіксіз 30 жыл басқарды. Бұл жылдары София Өтегенқызы саланы өрге сүйреп, облыс медицинасының дамуына, қалыптасуына айрықша үлес қосты. Мәселен, облыс ауруханаларындағы төсек-орын санын 970-тен 6540-қа, дәрігерлер санын 92-ден 1427-ге жеткізумен қатар, орта буын медицина қызметкерлерінің санын да едәуір арттырды. Сонымен қатар София Өтегенқызы еңбек еткен тұста медициналық бекет 76-дан 290-ға, санитарлық автокөлік саны 19-дан 300-ге жеткен. Осы уақыт аралығында салаға жаңа технологияны батыл енгізе жүріп, жас кадрларды тәрбиеледі, ақылшы ұстаз атанды.  2006 жылы 83 жасында өмірден озды.

Білікті дәрігерді ұлықтауға арналған шара соңында марқұмның рухына арнап ас берілді және медицина қызметкерлері арасында бильярдтан дәстүрлі турнир ұйымдастырылды.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<