Даламыздың үнісің сен, домбыра!

1736

0

Аймағымызда Ұлттық домбыра күні аясында ұйымдастырылған шаралар Тұңғыш Президент саябағында жалғасты.  «Күмбірле, қоңыр домбыра!» атты гала-концерт қызылордалықтар мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Рухани шараға облыс әкімінің орынбасары Балмейір Сансызбайұлы қатысты.

Осы салтанатты шарадан бұрын Қызылордада Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған «Күй мен күйшi» атты халық аспаптар оркестрінің күйші-концертмейстерлерінің республикалық фестивалі өткен еді.

– Қасиетті қара домбыраның тарихы тым тереңде. Бірнеше мың жылдан бері көшпелі халықтың рухани серігі болған бұл музыкалық аспаптың пернесінен төгілген күйде қазақтың бекзат болмысы мен асыл қасиеттері, қуанышы мен мұңы жатыр. Байыптап тыңдасақ, киелі қос ішекті аспаптың қоңыр үнінен көшпелі елдің қилы шежіресі мен бабалардың биік парасатын аңғарамыз. Бүгінге жеткен әрбір күйде халқымыздың жүріп өткен жолы, көне тарихы, мен бай салт-дәстүрі көрініс береді. Қазақты қасиетті домбырасыз елестете алмаймыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.     

Иә, өткен тарихымызды домбырасыз елестету қиын. Сыр сүлейі атанған жыраулардың мақамы осы киелі аспап арқылы бүгінге жетіп отыр. Мұнан бөлек, Мырза, Жалдыбай, Әлшекей, Құрақтың Досжаны сынды қаншама талантты композитор-күйшілердің шығармалары хас шеберлердің орындауында нотаға түсірілді. Көрнекті ақын Қадыр Мырза-Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген жыр жолдары бұл күні қанатты сөзге айналып, халық жүрегінен орын алды.

Кейінгі жылдары шілденің алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні деп белгіленіп, еліміздегі мерекелер қатарында кең ауқымда тойланып келеді. Қуаныштысы, жыл өткен сайын домбыра үйренем деушілер қатары артуда. Орта мектептерде, қосымша білім беру мекемелерінде арнайы үйірмелер ашылып, жұмыс істейді. Нақты кезеңде облыста 225 домбыра үйірмесі бар. Шын мәнінде, бұл қуанарлық жағдай. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде, Қазанғап атындағы музыкалық және М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледждерде кәсіби білім алып жатқан жастарымыз қаншама?! Сыр өңірінің талантты күйші-домбырашылары бәсі биік бәйгелерде өнер көрсетіп, олжамен оралып жүр.

Мерекелік кеште «Адай», «Сарыарқа», «Қара жорға» секілді таңдаулы шығармалар орындалып, қалың көрерменге рухани азық, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қасиетті қара домбыраның тұғыры биік болсын деп тілейміз.

Бұл Сыр аспанында күй қалықтаған кеш болды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<