Дарындыларға шабыт сыйлаған салтанат

453

0

Жыл тоғысар сәтте өңірдегі дарынды балалар мен жасөспірімдерді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құттықтады. «Білімді ұрпақ, өнерлі өрен – ел келешегі» атты «Балалар жылын» қорытындылау салтанатында балалар үйінің тәрбиеленушілері мен ерекше білім алуды қажет ететін, сондай-ақ халықаралық, республикалық олимпиадалардың, ғылыми жобалардың жүлдегерлері мен спорт пен өнерде үздік атанған жеңімпаздар марапатталды.

Аймақ басшысы оқу­шыларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, зор табыс тіледі, «Балалар жылы» аяқталса да, Сыр елінде ақылды да зерек өрен­дерді қолдау әрі қарай жалға­са­тынын жеткізді.

– Өтіп бара жатқан Барыс жылына Мемлекет басшысы ерекше мән беріп, «Балалар жылы» деп жария­лағанын білесіздер. Атаулы жылы елімізде, оның ішінде өңірде көптеген іс-шаралар жасалды. Түрлі форматтағы 12 мыңға жуық шараға 200 мыңнан астам бала қам­тылды. Өткен аптада ел Президенті атынан балаларға арналған Жаңа жылдық шырша ұйымдастырылып, қала және аудандардан келген 200 баланы құттықтадық. Бала­ларымызға бағалы сый­лықтар табыстадық. Ата-ана­ларыңызды тек жақсы істермен қуантыңыздар! Са­бақты жақсы оқып, спортпен айналысып, қалаған үйір­меге барып, әр күнді ерекше өткізіңіздер. Қанаттарыңыз тал­­май, ұстаздарыңыздан саналы тәрбие, сапалы білім алып, бейбіт еліміздің атын әлемге танытыңыздар! Ал біз, аға­ларыңыз, сіздерді қолдау үшін аянбаймыз! – деді облыс әкімі.

Салтанатты шарада  жыл бойы түрлі ғылыми, шы­ғармашылық байқауда же­ңімпаз атанған үз­дік спортшылар, әншілер мен бишілер, қолөнершілер, «Үздік «Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушісі», «Үздік балалар парламенті» секілді номинация иегерлеріне Алғыс хаттар мен планшеттер табыс­талды.

Айта кетейік, биылдың өзінде 402 сырбойылық өрен халықаралық, республикалық дәрежедегі ғылыми жобалар мен олимпиадалардың, спорт турнирлерінің және өнер конкурсының жеңімпазы мен лауреаты атанды. Биыл балдырғандарға тарту ретінде демеушілер есе­бінен Қызылорда қаласы және аудандарда құны 1,6 млрд теңгеге 80 спорт-ойын алаңы салынды. Қызылорда қаласында көпбалалы отбасылар мен ата-ана қамқор­лығынсыз қалған және жетім балаларға 50 пәтердің кілті табысталды. Биыл Сыр елінде 19 балабақша, 6 мектеп ел игілігіне табысталды. Бұдан бөлек, Қызылорда қаласы және Қармақшы ауданында дарынды балаларға арналған 150 орындық 2 мектеп-интернаты, Жалағаш ауданында 250 орындық «Оқушылар үйі» және «Өнер мектебі» ашылды. Мемлекет бас­шысының бастамасымен құны 100 млрд  теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізіледі.

Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапары барысында дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы мектеп интернаттың құры­лысын бас­тауға қолдау та­былды. Алдағы уақытта Қы­зылорда қаласының сол жаға­ла­уында «Оқушылар сарайы» бой көтермек. Заманауи үлгідегі нысан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «ҚазМұнайГаз» кәсіп­орны­ның демеушілігімен салынатын ­болады.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<