Даулы мәселені сот шешеді

922

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сырдария ауданының әкімі Талғат Дүйсебаев А.Тоқмағамбетов ауылында көктемнен бері туындап отырған жер дауы туралы айтып берді.

“А.Тоқмағамбетов LTD” ЖШС 2004 жылы құрылған. Ауылдың 875 азаматы құрылтайшы ретінде серіктестік қарамағындағы 2 мың гектардай егістік алқаптың 10%  үлесіне ие болса, негізгі 90% үлес  Есенғалиев деген азаматқа тиесілі. Дау Азамат Ысқақов басшылық ететін “Азамат” шаруа қожалығының “А.Тоқмағамбетов” ЖШС иелігіндегі 105 гектар жерге рұқсатсыз күріш егуінен басталған. Бұған жер үлесіне ие ауыл тұрғындары қарсы шығады. Негізінде Ысқақовтың күріш егуіне сол кездегі серіктестік төрағасы Меңдіғали Есжанов рұқсат бергені, бірақ ол құрылтайшыларға ескертпей, олардың келісімін алмастан, осындай шешім шығарғаны анықталды. Құрылтайшының өкілі Мадияр Ал­доң­ғаров бұл шешімді заңсыз деп тауып, маусым айында М.Есжановты қызметтен босатады. Ол серіктестік директорынан кіріс пен шығыстар тіркелген құжаттарды сұрағанда, директор бермеген. Құрылтайшы өкілі мұнан соң құрылтайшылар атынан заң орындарына шағым түсіріп, қазіргі күні тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Ал “Азамат” ШҚ басшылығы 105 гектар алқаптағы егінді жинап алуға қамданған уақытта ауыл тұрғындары қарсы шығады. Өздерінің иелігіндегі жерге комбайндардың жіберілуіне тосқауыл жасайды. Мұнан соң әкімдік тарапынан даулы мәселе шешіліп біткенше бейтарап техника жіберіп, егінді жинап, бейтарап қоймаларда сақтай тұру туралы ұсыныс жасалды. Бірақ бұл ұсынысты екі тарап та қабылдамады.

– Дау – екі кәсіпкердің Алдоңғаров пен Ысқақов арасындағы мәселе. Олар біздің ұсынысымызды қабылдап отырған жоқ. Не өзара келісе алмай, немесе сотқа жүгінбей отыр. Біз әлі де түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Кәсіпкерлер арасындағы бұл даулы мәселе тек сотпен шешіледі, – деді аудан басшысы. 

Аудан әкімі сондай-ақ құрылтайшы өкілі екі тараптың да, яғни Ысқақов пен Есжанов жұмсаған шығындары көрсетілген заңды құжаттарын ұсынса, шығындарын өтеп беретіні туралы айтып отырғанын жеткізді. Бірақ олар әзірге мұндай құжаттар ұсынбаған. А.Ысқақов 105 гектарды толықтай жинап алып, келісімде көрсетілгендей, жалға алғаны үшін 80 тонна астық беретіні туралы мәлім­деуде. Айтпақшы, көктемде жасалған келісім-шартта серік­тестіктің мөрі қойылмағаны анықталған.

Брифингте белгілі болғандай, ау­ыл тұр­ғындары болашақта құрыл­тай­шымен жұмыс істеуден бас тартуды жоспарлап отыр. Тұр­ғындар он алты жылдан бері құрылтай­шының ауылға деген көзқарасына көңілдері толмайды. Аудан басшысы бұл мәселе егін жинау науқаны толықтай аяқталғаннан кейін жалпы жиналыста талқыланатынын айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<