Демалыс кешеніне келуші көп

324

0

«Ранчо-83» атауымен қала іргесінен ашылған экзотикалық зообақты көп адам біле бермейді. Кешен өткен жылдың мамыр айында өз жұмысын бастады. Бұл ерекше жобаны кәсіпкер Тимур Жүсіпов пен жұбайы Майра  Досжан екеуі қолға алған.

Расында қалада балалармен бірге уақыт өткізетін орындар бар болғанымен, ойын-сауық кешендерінен әрі аса алмайды. Ал кішкентайлар мұндайдан тез жалығады. Майраның айтуынша, қызықты әрі пайдалы демалыс орнын ашу идеясы осыдан бірнеше жыл бұрын ойға келген. Алайда оны жүзеге асырудың сәті былтыр ғана түсіпті.

– Өзім де ана болғандықтан, балаларды қыдыртқанды қалаймын. Бірақ баратынымыз – кафе, парк. Сондықтан ерекше демалыс орны болғанын ойластырдық. Бастапқыда тек атпен серуендеуді ғана қолға алған едік. Кейін келушілерді қызықтыру мақсатында түрлі құстар мен жануарларды қолға үйрете бастадық. Жылу орталығының жанынан екі гектар жер алдық.  Бұл ата-аналарға ұнайтынына сендім. Екі жыл жерді тегістеп, күл-қоқысын шығарумен айналыстық. Зообақтың қазіргі келбеті – екі жыл төккен тердің жемісі. Бұл жерде асхана желісі, балалар алаңқайы, барлығы қарастырылған. Тіпті күннің ыстығын сездірмейтін сумен тамшылатып салқындату қондырғысы да іске қосылған. Тұрғындар үшін қалтаға қонымды бағада қызмет көрсетіп жатырмыз. Үлкендерге 800 теңге, балаларға 500 теңге тариф бекіттік. Атпен тұрақты серуендеушілерге сыртқа шығуға да рұқсат береміз. Иппотерапия 15 минутқа 2000, 30 минутқа 3000, сағатына 5 мың теңге. Қасында атбегі жүреді, – дейді кәсіп иесі.

Кешеннің «Ранчо-83» деп аталуы да жұртшылықты елең еткізері анық. Ғаламтор желісінде телебағдарлама көріп отырған отағасына «ранчо» сөзі құлаққа жағымды естіле кетеді. Жаңа кәсібінің атауына өзінің туған жылын қосып, «Ранчо-83» деп атаған. Бүгінде қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған зообақта таңғажайып құстардың түр-түрін табасыз. 

Ранчодағы 2 түйеқұс зообақтың сәнін келтіріп тұр деуге болады. 1 жұмыртқасы тауықтың 30 жұмыртқасына татитын ерекше құсты Түркістан қаласынан алдыртыпты.  Тағы қаз, үйрек, аққу, бағалы тауықтар, павлин, цесарка бар. Одан бөлек төрт жылқы, пони, енот, тиін, қоян, ешкі, есек сияқты жануарларға қызығушылар көп. Енді жақын арада түйе алуды да жоспарлап отыр.

Жылдың барлық мезгілінде жұмысын тоқтатпайтын кешенде жазғы уақытта 25 адам жұмыс істесе, қыста 11 адам тұрақты еңбек етеді. Биыл «Аль Таир» бөбек қорымен меморандум аясында 150 баланы иппотерапия арқылы сауықтыруға да атсалысқан. 

Иә, «Еңбек еткеннің еңсесі биік» демекші, мемлекеттен ешқандай қаражат алмай, өз күшімен бірнеше кәсіптің көзін тауып, оны үйлестіре білген Тимур мен Майраның отбасылық кәсібіне береке тілейміз.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<