Детектив шығармалар байқауы

1245

0

Биыл бесінші мәрте өткізілетін Кемел Тоқаев атындағы республикалық детектив шығармалар байқауы Сыр өңірінде ұйымдастырылады. Бұл байқаудың ерекшелігі – жас қаламгерлер мен оқушылардың қатысуына мүмкіндік қарастырылған. Сондай-ақ, қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Заң Медиа» корпорациясының облыстағы арнаулы өкілі Әмірбек Шаймағамбетов айтты.

– Биыл Кемел Тоқаев атындағы республикалық детектив шығармалар байқауы бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылады. Оған дейін Алматы қаласында екі рет, Алматы облысында және былтыр Түркістан облысында өтті. Жақында облыс әкімі Н.Нәлібаев «Заң Медиа» корпорациясының басшысы Досымбек Өтеғалиевті қабылдаған болатын. Кездесу барысында аталған республикалық байқауды Сыр елінде өткізу туралы айтып, аймақ басшысы қолдау білдірді. Айта кетейін, байқауға қатысуға шектеу жоқ. Конкурс талабына сәйкес әрбір шығарма толық талданып, күзде жүлдегерлер анықталады, – деді Әмірбек Шаймағамбетов.

К.Тоқаев атындағы республикалық детектив шығармалар байқауының 2021 жылғы бас жүлдегері, республикалық «Таңшолпан» әдеби-көпшілік журналының бас редакторы Нұрлыбек Сафин бұл жанрдың ерекшелігі туралы айтты.

– Былтыр шығармалар бәйгесіне Әмірбек Шаймағамбетовтың идеясымен деректі көркем әңгіме жаздық. Әңгімеге арқау етіп Қызылорда облысында 1990 жылдан бері болған оқиғаларды алдық, ауыр қылмыстардың ашылуын зерттедік. Біздің елімізде детектив жанры айтарлықтай дамымаған. Сол үшін жас қаламгерлерді, оның ішінде детектив жанрына қызығушылығы бар азаматтарды байқауға қатысуға шақырамын, – деді Н.Сафин.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде біреу, 1-орын біреу, 2-орын екеу, 3-орын үшеу және бес ынталандыру сыйлығы қарастырылып отыр. Биылғы байқаудың ерекшелігі – оқырманның дауысына ең көп ие болған үміткерге бірінші орынға тең дәрежеде жүлде тағайындалады. Сонымен бірге, жазуға қабілеті бар студент жастарды, жоғары сынып оқушыларын ынталандыру мақсатында арнайы жүлде белгіленіп отыр.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<