Димаштың бас жүлдесі

402

0

Жүрек қылын шерткен әсем ән жер-жаһанның әр қиырынан жеткен көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сахна төріндегі қаршадай қазақ баласы екінің бірі орындай алмайтын күрделі дүниені нақышына келтіре шырқап, әнсүйер әлеуметтің құлақ құрышын қандыра түсті. Қызылордалық жас өнерпаз Дінмұхаммед Төлеубай жақында Беларусьте өткен «Арт-парад» конкурсының гран-при иегері атанды. Шетелдік мамандар қазақстандық өреннің мүмкіндігін осылайша жоғары бағалады. Ол өзге де халықаралық байқауларға шақырту алды. 

Еліміздің абыройын асқақ еткен өрен бүгінде Тасбөгет кентіндегі №11 орта мектепте жетінші сыныпта оқиды. Анасы Лида Бисе­нова Дінмұхамед балабақшада жүрген кезінен ән айтуға әуес болғанын жеткізді. Төрт жасында алғашқы әнін көпшілік алдында айтқан. Мектеп табалдырығын аттағаннан кейін оған шындап ден қойды. Ұстазы Қайрат Камаровтың жетекшілігімен «Бозторғай» байқауына қатысқан болатын. Сол сәтте әсем әнді әуелете шырқай білген жас өрен талай қызылордалық өнерпазды тәрбиелеп шығарған белгілі ұстаз Қаракөз Ақдәулетованың көзіне түсті.

Мен оның деңгейін облыстық «Бозторғай» байқауында аңғардым. Содан кейін Дінмұхаммед екеуіміз жұмыс жасай бастадық. Рас, алғашқыда қиындықтар аз болған жоқ. Дауысын қоюдың өзіне мән бердік. Қазір шәкіртімнің дауысын шыңдап, ол орындайтын әндердің де репертуарын жаңаладық. Кейіннен ол респуб­ликалық «Бозторғай» байқауында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Өз деңгейінде шырқай алатын музыкалық туындыларды таңдауға назар аудардым. Қазір оған академиялық дауыс­ты қоюға көңіл бөліп отырмын. Алдымызда әлі талай конкурс бар. Әрбірінде шәкіртімнің шеберлігі шыңдала түскенін қалаймын. Соған әзірлігімізді пысықтап жүрміз. Бүгінде оның дауысы тазаланды. Жоғары дауысты еркін алатын болды. Оның репертуарында итальяндық әндер де бар. Шынын айтайық, мұндай шығармаларды кез келген өнерпаз орындай алмайды. Алдағы уақытта «Новая волна» конкурсына қатысу жолдарын қарастырып жатырмыз, – дейді Қаракөз Ақдәулетова.

Содан бері бес жылдай өтті. Дінмұхаммед музыканың сан алуан қыр-сырына қанықты.

«Оның үлкен атасы – Төлеубай кезінде ақындығымен көзге түскен екен. Көптеген шығармалары мерзімдік басылымдарда жарияланған. Айтыста да өз қолтаңбасын қалдырған. Атадан жұғысты болған сол өнердің киесі біздің Дінмұхаммедке қонған шығар дейміз. Әкесі екеуіміз де өнерден қашықпыз. Біріміз энергетика саласында, біріміз орта мектепте ұстаз болып еңбек етеміз» дейді анасы Лида.

Соңғы жылдары қазақстандық көптеген әншілер дүние жүзінің дүбірлі бәсекелерінде қазақ елінің атағын аспандатып, мәртебесін биіктетіп келеді. Бүгінде ел арасында есімі кеңге жайылған Димаш Құдайберген, Ержан Максим, Данэлия Төлешова сынды жас буын өкілдері жұмыр жердегі жұрттың жадында жатталып қалды. Қазақ халқының ән әлеміндегі өз өрнегін айшықтап үлгерді. Сырдарияның сыбдыр қаққан әсем әуені бесігінде әлдилеп өсірген Дінмұхаммед те сондай биіктен көрінуді қалайды.

Әділжан Үмбет.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<