Докторантураға қабылдау ережесіне өзгеріс енді

615

0

Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі – білікті кадрлар қалыптастыратын, еліміздің ғылыми әлеуетін дамытатын орта. Кейінгі жылдары елімізде білім беру сапасын арттыруға бағытталған реформалар кезең кезеңімен жүзеге асырылуда.  

Бүгінде көптеген жастар философия докторы дәрежесін алуды мақсат етеді. Себебі, PhD дәрежесі әр түрлі саладағы адамдар үшін тереңдетілген білімді игеруге, жаңа дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Кәсіби қабілеті мықты, потенциалы жоғары үздік маманды жұмыс берушілер де ерекше бағалайтыны рас. Дегенмен, PhD дәрежесіне апаратын жол күрделі екені, біліммен қатар мол ізденісті қажет ететіні белгілі.

Елімізде 2021 жылы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларына түсу ережелеріне өзгерту енгізіліп, алғаш рет қабылдау емтиханы тестілеу орталықтары базасында электрондық форматта өткізілді. Бұл формат өткен жылы магистратура деңгейінде сынақтан өткен болатын. Ерекшелігі, түсу емтихандары тек тестілеу форматында өткен жоқ, болашақ докторанттар жоғары оқу орындарына бекітілген тақырыптар бойынша эссе жазды және бейінді пәндер бойынша емтихан сұрақтарына жауап берді.

Қабылдау емтиханының қорытынды бағасы эссені бағалау, докторантурада оқуға дайындық тесті және бейінді емтихандардың нәтижелерін жинақтау арқылы алынған балдардың жиынтығы негізінде бағаланды.

Докторантураға магистр дәрежесі және кемінде тоғыз ай жұмыс өтілі бар тұлғалар қабылдана алады. Докторантураның білім беру бағдарламаларына түсу үшін шет тілін меңгергенін растайтын сертификаттың болуы міндетті. Сонымен қатар, докторантура үшін IELTS, IELTS INDICATOR кемінде – 5,5 балл, TOEFL ITP – 460, TOEFL IBT – 46, TOEFL PBT – 453 баллдық сертификаттары қолданылады.

Айта кету керек, Duolingo English Test сертификаты докторантураға түсу кезінде шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттар тізімінен алынып тасталды.

Жуырда ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындарының қауымдастығы мен Ректорлар кеңесі Тамыз кеңесінің отырысындағы ұсыныстар негізінде магистратура мен докторантураға қабылдау ережелеріне өзгерістер енгізілгендігі туралы хабарлады. Атап айтсақ, магистратура мен докторантураға қабылдау жылына екі рет өткізілетін болады, яғни, дәстүрлі түрде тамыз айында және қосымша желтоқсан айында түсу емтихандары  ұйымдастырылады. Құжаттар тапсыру барысында қажетті сертификаттарды алуға үлгермеген азаматтар үшін бұл өте жақсы жаңалық болғалы тұр.

Жалпы түсу емтиханының ең жоғары бағасы 100 балды құрайды. Оның ішінде эссе бағасы – 20 балл, докторантурада оқуға дайындығын анықтауға арналған тест – 30 балл, бейіні бойынша емтихан сұрақтарының бағасы – 50 балл. Түсу емтиханына барлығы 4 сағат бөлінеді.

Докторантураға грантқа түсу үшін өту шегі 75 балл екенін білу маңызды. Ақылы негізде оқуға түсу үшін шекті балл – 50 балл.

Қорытынды қадам – қатысушылардың жеке кабинетіне жіберілетін түсу емтихандарының нәтижелерін жариялау. Сондай-ақ тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда онлайн-апелляция өткізу рәсімі қамтамасыз етіледі. Айта кетерлігі, тестілеу аяқталғаннан кейін бір күн ішінде оқуға түсуші апелляцияға өтініш бере алады. Бұдан әрі аталған ЖОО сайтында докторантура бағдарламасы бойынша грант иеленген жеңімпаздар анықталады.

Биыл университетте докторантураға тапсырған 24 үміткердің 11-і грант негізінде 7 білім беру бағдарламасы бойынша оқуға қабылданды. Емтихандар әділ және ашық өткізілді. Осылайша, академиялық адалдықты сақтай отырып, докторантураға түсушілердің білім деңгейін бағалаудың әділдігін қамтамасыз етуге қол жеткізе алдық.

Сактаганова Н.А.

Жоғары оқу орынынан кейінгі білім бөлімінің басшысы, философия докторы (PhD)  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<