Доллар құны енді ешқашан төмендемейді – экономист

1087

0

Теңге тағы да құнсызданды. Ұлттық валютаның әлсіреуіне коронавирустың жаңа штамы себеп болуы да мүмкін. Мұнай бағасы да кейбір елдерде күрт арзандап кеткен. Бұл туралы AstanaTV хабарлады.

COVID-19-дың Omicron штамы өте қауіпті және оған вакциналар төтеп бере алмауы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының осы мәлімдемесінен кейін бірнеше елдің экономикасы құлдырай бастады. Тіпті, әуе қатынасын тоқтатуға мәжбүр болды. Десе де, вирустың салдарынан әлемде 2 бірдей мұнай маркасының құны 5 жарым процентке өскен. Ал жалпы мұнайдың құны жұма күнгі мәлімет бойынша 11-13 процентке төмендеген. Ұлттық банк өкілі осы жайт әлемдік сарапшыларды да алаңдатып отырғанын айтты.

Ұлттық банк монетарлық операциялар департаментінің басшысы Мұхтар Орман: «Мұнай бағасы Украинада айтарлықтай төмендеген. Қараша айының қорытындысымен есептесек, 4-6 процентке дейін түскен. Ал, АҚШ доллары 2,1 процентке дейін өсті. Мұнай бағасының өсуіне байланысты 2 желтоқсанда сарапшылар жиналып, арнайы жиын өткізеді. Бұған коронавирустың жаңа түрі әсер етті ме, жоқ па сол кезде айқын болады», – деді.

Соған қарамастан, АҚШ долларының құны өсіп жатыр. Ақша айырбастау орындарында 1 доллардың сату бағасы 438 теңгеден асты. Экономист Жангелді Шымшықов АҚШ валютасы алдағы уақытта да нығая түсетінін жеткізді.

Экономист Жангелді Шымшықов: «Ұсақ-түйек бір өтпелі кезеңдер болған кезде мүмкін доллар да құнсыздануы мүмкін. Бірақ, түбегейлі дүниежүзінің ақшасы болып тұрған ұлттық валютасын олар ешқашан да құнсыздандыра алмайды», – дейді.

Оның айтуынша, доллардың өсуіне коронавирустың жаңа түрі себеп бола алмайды. Ол – жай сылтау. Мұнай бағасы алдағы уақытта тағы да қымбаттағанымен қайта төмендеуі бек мүмкін дейді.

Айқын КЗ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<