Дүние дүрмек

438

0

Фото: ашық дереккөз

Қыс қаһары  қызметінен қуды

Өзбекстанда ауа райына байланысты Сұрхандария  және  Қашқадария облыстарының барлық білім беру ұйымдарында қысқы демалыс 18 қаңтарға дейін ұзартылды.

Сонымен қатар Әндіжан, Хорезм, Наманган, Ташкент облысы, Қарақалпақстан Республикасы, Ферғана, Бұхара және Сырдария облыстарының білім беру ұйымдары да осы жағдайға көшті.

Деректерге қарағанда, Ташкентте кейінгі 50 жылда мұндай ең суық температура тіркелмеген. Елдегі суық ауа райына байланысты халықаралық бағыттар бойынша тұрақты автобус қатынасы уақытша тоқтатылып отыр.

Ал кеше Ташкент әкімі Джахонгир Артықходжаев қысқы маусымға дұрыс дайындық жасалмағаны үшін қызметінен босатылды.

«Капалы чаршы» – қайнаған сауда орталығы

Ыстамбұлдағы «Капалы чаршы» аталатын тарихи базарға 2022 жылы 39766801 адам барған. Мұндай ірі сауда айналымын жасауға үлкен базарды қалпына келтіру негіз болып отыр.

Бір ғажабы, тоқыма бұйымдарынан антиквариатқа дейін барлық өнімдерді сататын мыңдаған дүкендер желісінде ғасырлар бойы сауда үзілмеген. Күн сайын мыңдаған жұмысшы мен сатып алушы келетін базар – өз алдына бөлек әлем. Туристер арасында танымал базар туралы Kaz.tengritravel.kz Түркітілдес журналистер қоры сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ұшақ апатының видеосы тарады

Twitter әлеуметтік желісінде Непалдағы ұшақ апатының видеосы пайда болды.

«Соңғы видео: A Yeti Airlines ұшағы Непалдағы Покхара халықаралық әуежайында апатқа ұшырады, бортта 72 адам болған» делінген жазбада.

Айта кетейік, бұған дейін Непалда ұшақ апаты болғаны, жергілікті органдардың мәліметінше, ұшақта отырған 68 жолаушы мен 4 экипаж мүшесі қаза тапқаны хабарланған еді.

Індеттің ілмегі

Деректер бойынша Қытайда кейінгі айда коронавирустан 60 мың адам қайтыс болған. Бұл туралы Қытайдың Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Індеттен қаза  болғандардың  90 пайызы – 65 жастан асқан қарт адамдар.

Өткен жылдың қараша айында Қытайда шектеулерге қарсы жаппай наразылық туындап, желтоқсанда оның көбі алынып тасталған еді. Осының салдарынан елде індеттің таралуы қайта күшейген секілді. Әйтсе де, өткен аптада жергілікті билік шектеулерді тағы жеңілдетіп, шетелдіктерге қатысты карантин шараларын жойды.            

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<