Дубайда дара келді

1605

0

сурет ашық дереккөзден алынды

12 қаңтар күні қазақтың бәйге тарихында болмаған жеңіс орын алды. Ол – Кабирхан есімді жүйріктің Дубайды дүбірлеткен жүлдесі. Мейдан ипподромында өткен 2 мың метрлік бәйгеде шабандоз Пэт Доббс мінген Кабирхан мәре сызығын бірінші болып кесті. Сөйтіп, ат иесі қазақстандық Тілек Мұхамбетқалиев 25 миллион теңге сыйақыға ие болды.

Жарыста қазақ тұлпары ә дегеннен көш бастаған жоқ. Ақырын-ақырын күш алып қарсыластарынан оза түсті. Тек мәре сызығына 300 метр қалғанда Араб әмірлігіне тиесілі Бук Ревью мен Ресейдің намысын қорғаған  Хироу Моны шаң қаптырды. Айтарлығы, бұл додадағы жүйріктер Дубайда бір жылға жуық дайындықта тұрған. Кабирхан ол жақта небәрі екі айдай ғана дайындалып шапқан екен.

– Кабирхан – 4 жасар айғыр. АҚШ-та дүниеге келген. Бәссаудада сатып алғанбыз. Алғашқы жарысын Алматы ипподромында бастаған жүйрікті Руслан Юлдашев дайындады. Сөйтіп, құнанында Алматыда өткен бәйгеде ел чемпионы болды. Үш жасқа шыққан уақытында Ресейге жібердік. Онда белгілі атсейіс Аслангерей Шавуев дайындады. Ол Ресейде екі рет Дербидің үздігі атандырды, – дейді ат иесі Тілек Мұхамбетқалиев.

Ресейде Мырзабек Қапышевтің тақымында 6 рет бәйгеге қосылып, бес рет бірінші, бір рет екінші орын алған. Ал осы жолы Кабирханды Дубайдағы №1 бапкер саналатын америкалық Дуглас Уотсон жаратқан.

Дүлдүлдің иесі Тілек Мұхамбетқалиевтің ат спортымен айналысып келе жатқанына бес жылдан асыпты. Бұл тұлпарды ол 2021 жылы АҚШ-тан 12 мың долларға сатып алған. Тұқымы – таза ағылшын. Шежіресі де жаман емес. Айғыры – Калифорния Хром, енесі – Литл Эмелли. Атсүйер қауымның есінде болса, Калифорния Хром 2016 жылы Дубай кубогын ұтқан болатын. Атап айтарлығы сол, Кабирхан – әзірге Қазақстан атын әлемге танытқан жалғыз жүйрік. Бұған дейін Қазақстан бапкерлері көрші Қырғызстан мен Ресейге ғана ат қосып барған, онда да аламан бәйгеге ғана апаратын. Ал Тілек Мұхамбетқалиев бәйге тарихында тұңғыш рет Дубайда ұшқыр бәйгеде ат оздырып, атын тарихқа жазды.

Иесі оны алдағы уақытта АҚШ пен Ұлыбританияда өтетін жарыстарға апаруды жоспарлап отыр. Айтпақшы, сәйгүлік екі апталық демалыстан кейін Al Maktoum Challenge додасының екінші кезеңіне қатысады. Сол жерде үздік атанса Бүкіләлемдік кубок үшін бақ сынайды.

Сәйгүліктер арасындағы  «Формула-1» атанған Дубай бәйгесін ұту оңай жұмыс емес. Дубайды дүбірлеткен дүлдүлдің алдағы жарыстарына сәттілік тілейміз.

Көкен АҚТАН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<