Екі мәселе қаралды

510

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған комиссия отырысы өтті. Басқосуға құқық қорғау органдарының басшылары, селекторлық режимде аудан әкімдері қатысты.

Облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемовтің айтуынша, өткен жылдың ІІ жартыжылдығында мәдениет саласында 2 қызметкер және спорт саласында 5 қызметкер тарапынан сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылық орын алған. Мұндай келеңсіздіктерге жол бермес үшін түрлі профилактикалық шаралар ұйымдастырылып келеді. Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жұмыстарды өз деңгейінде жүргізу үшін басқарманың жұмыс жоспары қайта қаралып, пысықталған.

Аймақ басшысы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдаудың сапасы мен алдын алу тиімділігіне баса назар аудару қажет екенін шегелеп айтты. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында тегін үйірмелер мәселесіне қатысты мүдделі салалық құрылымдарды жұмылдыра отырып, бағдарламаның тиімді іске асуына орай ұсыныстар енгізуді жүктеді.

Отырыста қаралған тағы бір мәселе – кіші және орта кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуы. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мұса Қалдарбеков 2021 жылы жеке кәсіпкерлікті қолдау мақсатында республикалық және облыстық бюджеттен 6 млрд 400 млн теңге бөлінгенін, мұнан бөлек, мемлекеттік гранттар беруде облыстың жаңашыл болып танылған 68 жобасы қолдау тапқанын жеткізді.

Жалпы бөлінген қаражат аясында өңірдің 2 342 кәсіпкерлік субъектісі 33 млрд 437 млн теңге жеңілдетілген несие түрінде қаржылай қолдау тапты. Нәтижесінде жаңадан 817 кәсіпкерлік субъектісі ашылып, шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандардың саны 1110 адаммен толықты. Сондай-ақ қосымша 21,3 млрд теңгенің өнімі өндірілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<