Ел табысын танытатын жоба

252

0

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңіне іріктеу басталды. Осыған орай өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов іріктеу талаптары жайлы тарата айтты.

Жоба мақсаты – білімі мен білігі арқылы табысқа жетіп, тәуел­сіздік жыл­дарындағы Қазақстан­ның дамуына елеулі үлес қос­қан азаматтарды қоғамға үлгі ету.  Бүгінде  жоба тек республика деңгейінде ғана іске асырылуда. Алдағы уақыт­та оның форматын жетіл­діріп, әр сала бойынша қала және аудандарда табысқа жеткен азаматтар анық­талады.

Жалпы, жобаға әр қо­ғам­дық ұйым, бірлестік кәсіби жетістіктері бар үміткер­лер­ді ұсына алады. 

– Былтыр іріктеуден өтпей қалған үміткерлерге биыл жобаға қайта қатысуға болады. Сонымен бірге табысты азаматтар өзін-өзі ұсына алады. Биылғы іріктеудегі басты ерекшелік үкіметтік емес ұйым мүшелеріне басымдық берілуі, – деді Талғат Толыбайұлы.

Былтыр жобаға 2 мыңнан астам үміткер қатысып, олардың үш жүзі іріктеуден өткен, онлайн дауыс беру арқылы жеңімпаз 100 адам болып танылған. 

 Біздің өңірден 84 өтінім беріліп, дәрігер-хирург Болатбек Баймаханов, тоғызқұмалақтан әлемнің төрт дүркін чемпионы  Әсел Дәлиева,  ғалым-селекционер   Александр Подольских пен  педагог-психолог Сымбат  Әбдірахманова жоба жеңімпаздарының қатарынан табылды.

Брифингте «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Нұрлыбек Мыңжас «Қазақстандағы 100 жаңа есім» Тәуел­сіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы мен жетістігінің айғағы екендігін атап өтті. Жобада нақты адамдардың тағдыры мен жүріп өткен жолы арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары — кез келген статистикадан артық көрсеткіш», — деген болатын.

 Қазақстан Халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Респуб­ликасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жүзеге асырып жатқан жобаның екінші кезеңі бойынша қазір «Рухани жаңғыру» орталығы үміткерлерді тіркеу жұмыстарын бастап кеткен. Қазір 13 үміткер тіркеліп тұр.

Жобаға қатысу үшін өтінім облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Рухани жаңғыру» орталығында қабылданады.  

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<