Ел жаңалықтары

326

0

Геннадий Головкин – комитет президенті

Кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин кеше Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті болып сайланды.

Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Бас Ассамблеясының кезектен тыс отырысы өтті. ҚР ҰОК жоғары басқарушылық органдарының отырысына олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық спорттық федерациялардың 35 өкілі мен ҚР ҰОК спортшылар комиссиясының өкілдері қатысты.

Ассамблеяның кезектен тыс отырысында сондай-ақ жасөспірімдер құрамасының 2024 жылғы Оңтүстік Кореяда өткен IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасындағы нәтижесі қорытындыланып, шілде айында Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына дайындығы талқыланды.

Арнайы бап енгізіледі

Елімізде балалар мен әйелдердің құқығын қорғауға бағытталған заң жобасында ұрып-соғу әрекеті үшін жеке бап көзделеді.

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, адамды ұрып-соққаны үшін кінәліге 80 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Сондай-ақ 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады немесе 25 күнге дейін қамауға алынады. Егер 2 немесе одан да көп адамды ұрып-соқса, дәрменсіз күйдегі адамды, материалдық және өзге де тәуелді болса немесе балаларды ұрып-соққан жағдайда айыптыны 30-дан 50 тәулікке дейін қамауға алудың ең жоғары санкциясы көзделеді.

Асфальтбетон зауыттарын тексеруге кірісті

Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары елдегі асфальтбетон зауыттарын тексеруге кірісті.

ҚР Көлік минстрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, зауыттардың жаңа құрылыс маусымына және асфальтбетон қоспаларын сапалы өндіруге дайындығы тексеріледі. Сондай-ақ жол-құрылыс материалдарын сынайтын зертханаларға бақылау жүргізіледі.

Қазақстанда жалпы 300-ден астам асфальтбетон зауыты жұмыс істеп тұр. Олардың сапа стандарттары мен нормативтерге сәйкестігін тексеру мақсатында әрбір зауытқа тексеру жүргізу жоспарланған.

Қазақстан тауарларының экспорты төмендеді

«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ өткен жылы Қазақстанның кейбір тауарлары экспортының төмендеу себебін атады.

Орталық мәліметінше, былтыр қаржылай мәнде тазартылмаған май экспорты кеміді. Негізгі себебі – экспорттық бағаның төмендеуі. Сонымен қатар ұн экспортынан түсетін қаражаттың төмендеуіне де экспорттық бағаның арзандауы басты себеп болып отыр.

Мұнан бөлек, күкірт экспорты 13 пайызға артқанымен ақшалай мәнде экспорттық түсім кеміді. Өткен жылы күкірттің орташа бағасы 2022 жылмен салыстырғанда 3 есеге құлдырады. Еліміздің ішкі нарығында сұйытылған газ тапшылығы байқалады. Дәл осы жайт «көгілдір отын» экспортының қысқаруына түрткі болды.

Дерек көздерінен дайындаған

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<