Ел жаңалықтары

252

0

Волонтерлік бастамаларға 70 миллион теңге

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Еліміздің барлық өңірінде Birgemiz жалпыұлттық жобасы аясында волонтерлік бастамаларды жүзеге асыратын шағын гранттар конкурсына өтінімдерді қабылдау жалғасып жатыр. Конкурсқа құжаттарды Birgemiz жобаларын жүзеге асыратын 8 үкіметтік емес ұйым қабылдауда. Мемлекеттік гранттарды отандық еріктілер, сондай-ақ бастамашыл топтар мен үкіметтік емес ұйымдар ала алады. Биылғы конкурста әрқайсысы 300 мың теңгені құрайтын 240 шағын грант беріледі. Өтінімдерді қабылдау 31 мамырға дейін ұзартылған.

Бала қауіпсіздігіне қырағылық қажет

Ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне ерекше жауапкершілікпен қарауы тиіс. Осы ретте Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға үндеу жасады.

Жазғы демалыс басталды. Жаз мезгілі балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды қажет етеді. Өткен жазда жазатайым оқиғалар көп болған. Сондықтан ведомство үндеуінде, балаларға жол қауіпсіздігі, бейтаныс адамдармен өзін-өзі ұстау ережелерін және су қоймаларына жалғыз баруға болмайтынын түсіндіру керек. Сондай-ақ көпқабатты үйлердің терезелеріне қорғаныс құралдарын орнату қажет. Мұндай жауапкершілікті маңыздылығы жөнінде министрліктің балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан мәлімдеді. 

Көрме сәні – қазақтың тазасы

Елордада Қазақстан кинологтар одағының ұйымдастыруымен халықаралық иттер көрмесі өтті. Бұл туралы 24KZ хабарлады.

Елдің түкпір-түкпірінен 100-ге тарта қазақ тазысы мен жеті қазынаны баптаушылар жиналды. Тазы тұқымын әлемдік деңгейде танытуға бағытталған шарада ең жас қатысушы 11 жасар Әділжан Жеңіс болды. Оның «Шағала» атты күшігі сарапшыларға бірден ұнаған. Оған тазы баптауды әкесі үйреткен.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазы мен төбет тұқымдарын қорғау мәселесін қолға алуды тапсырған болатын. Халықаралық кинология федерациясының атқарушы директоры Ив де Клерктің айтуынша, тазы тұқымын зерттеу үшін федерацияның бас комитетінен арнайы 2 адам тағайындалған.

Тазының көру, сезу, есту қабілеті жақсы дамыған. Аңшылық қабілеті, амал-айласы басқа иттерге қарағанда көш ілгері. Сондықтан олар ерекше күтімді талап етеді. Ендігі кезекте көрме нәтижесі бойынша комиссия сараптама жасап, тазы тұқымын ұлттық бренд ретінде бекіту және халықаралық деңгейде таныту мәселесі қаралады. Қорытынды отырыс қыркүйек айында Амстердам қаласында өтеді.

Ақпарат көздерінен

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<