Ел жаңалықтары

281

0

Үкімет 40 млрд теңге бөледі

Ауылдарда аурухана салуға және жөндеуге осынша қаржы қарастырылып отыр. Үкімет басшысы Олжас Бектенов «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында медициналық мекемелерді салу және жаңғырту үшін Үкімет резервінен 39,9 млрд теңге бөлу туралы қаулыға қол қойды.

Ұлттық жобаны жаңғырту Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау аясында іске асып жатыр.

Бұл ретте 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) нысандарын салу және орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту көзделген.

Жобалар жоба-сметалық құжаттаманың (ЖСҚ) әзірлігіне қарай өңірлердің әкімдіктерінен берілген өтінімдерге сәйкес қаржыландырылады.

Сонымен Үкімет резервінен қаралған қаржы ауылдық елді мекендерде ЖСҚ дайын 297 алғашқы медициналық көмек нысанын салуға бағытталмақ. Оның ішінде медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік пункттер және дәрігерлік амбулаториялар бар. Бөлінген қаражаттың бір бөлігі бірқатар өңірлерде көпсалалы аудандық аурухана ғимараттарын күрделі жөндеу, қосымша ғимарат салу сынды құрылыстарға да бағытталатын тәрізді.

Қосымша вагон мәселені шеше ала ма?

Демалыс маусымы басталмай жатып, туристік бағыттарға билет тапшы, деп хабарлайды 24KZ. Ал оны алып-сатумен айналысатын делдалдардың мәселесі шешілмей тұр. Мәжілісте осыған қатысты көтерілген мәселеге Көлік министрі жауап берді.

Марат Қарабаевтың айтуынша, тапшылықтың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта елдегі курорттық аймақтарға қатынайтын рейстер мен пойыздар саны артады. Әсіресе Алакөл мен Балқаш бағытында пойыздар саны артпақ. Сондай-ақ билеттердің бағасы қолжетімді болады. «Бұдан бөлек, тағы бірқатар жолаушылар вагонын сатып алу көзделіп отыр», – дейді ол. Министрдің мәлімдеуінше, қосымша қатынайтын пойыздарға билет сатылымға әлі шықпаған. Әйтсе де оның құны қолжетімді болатын көрінеді. Сонымен қатар биыл 140 вагон сатып алу жоспарда бар.

Ақпарат көздерінен

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<