БАҒДАТ МУСИН – БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ
«Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің шешімімен бұрынғы Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды.
Ал компанияның бұрынғы басшысы Қуанышбек Есекеев Президенттің кеңесшісі қызметіне ауысқан.
«Бағдат Мусинге қордың ең маңызды активтерінің бірін басқаруда үлкен табыс тілеймін. Сондай-ақ Қуанышбек Есекеевке еліміздің ең ірі телекоммуникациялық компаниясын 14 жылдан астам табысты басқарғаны үшін алғыс айтамын. Қордың негізгі компанияларының бірі – «Қазақтелеком» АҚ-ның дамуына бірінші басшы ретінде қосқан үлесіңіз шексіз», – деп атап өтті қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
ЖАҢА УНИВЕРСИТЕТ АШЫЛАДЫ
Елімізде Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті ашылады. «ҚазАқпарат» таратқан мәліметке қарағанда бұл нысан Су шаруашылығы және табиғатты пайдалану институтының базасында құрылады.
Жаңа университеттің аты айтып тұрғандай, Қазақстанда тапшы су саласының мамандарын оқытып, даярлайды. Қазір елімізде гидротехниктер М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде ғана даярланады. Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті аталған оқу орнын екіге бөлу арқылы ашылады.
«М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті» КЕАҚ және «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» КЕАҚ бөлу жолымен қайта ұйымдастырылсын», – делінген Үкімет қаулысының жобасында.
Сондай-ақ алдағы жылдары елімізде су саласының мамандарын дайындайтын 5 колледж ашылады. Олар негізінен батыс, шығыс, солтүстік, орталық аймақтарда салынбақ.
Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мен Өзбекстан су ресурстары мамандарын бірлесіп даярлайды. Тараз мемлекеттік университеті мен Ташкент ирригация институты тиісті меморандумға қол қойды. Енді қазақстандық студенттер «Сумен жабдықтаудың инженерлік жүйелері», «Су шаруашылығындағы инновациялық технологиялар және оны пайдалану» сынды елде тапшы мамандықтарды игереді. Әрі бірден екі университеттің дипломын алады. Бұл бастамалар білікті кадрларды даярлауға жол ашып, табиғи апаттардың алдын алу, суды тиімді пайдалану мәселелерін шешеді.