Елде болса, ерінге тиеді

354

0

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Сыр диқандары мен тауарөндірушілері облыс орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастырды. Жергілікті жұртшылық тарапынан аудандардан 200 жүк көлігімен жеткізілген 500 тоннаға жуық өнімдерге зор сұраныс болды.

Тасбөгет кентінде Шиелі ауданының еңбеккерлері 24 жүк көлігімен 40 тонна өнім алып келді. Ал Арал мен Жалағаш тауарөндірушілері қаланың шеткі аймағындағы С.Торайғыров көшесінің бойында өздері жинаған өнімдерді ұсынды. Теңіз төскейіндегі өңірдің еңбек адамдары Қызылорда қаласына 20 тоннадан астам азық-түлік жеткізді. Молшылық мерекесінде олар облыс орталығы тұрғындарына 15 тонна мұздатылған балық және 1,5 тонна ет өнімдері, 3 тонна ас тұзы, құрт, ірімшік, 300 литр шұбат сатты. Қалаға жақын орналасқан Жалағаш диқандары 150 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынды. Оның ішінде күріш, ет өнімдері, картоп, пияз басым бөлігін құрайды.

Сондай-ақ, «Шұғыла» шағын ауданының тұрғындары Қазалы мен Сырдария аудандарынан әкелінген ауыл шаруашылығы өнімдерінен ауыз тиді. Қазалыдан 50 тоннадан астам өнім тұтынушыларға жол тартса, онда сүт өнімдері мен Қазалы кәмпитіне сұраныс ерекше артты. Ал сырдариялық диқандар 30 тоннаға жуық азық-түлік тауарларын жеткізген. Оның ішінде 15 тоннадан астам күріш, 6 тонна картоп, 7 тонна сәбіз, пияз, асқабақ және сүт өнімдері бар.

– Кейінгі уақытта Қызылорда қаласында ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі жиі ұйымдастырылады. Бұл өнім өндірушілерге де, тұтынушыларға да тиімді. Жәрмеңкені аралау барысында өзімізге қажетті өнімдерді алуға назар аудардық. Осылайша қысқа  қажетті азық-түлік өнімдерінің қорын жасап алдық, – дейді қала тұрғыны Қайрат Файзоллаұлы.

Қаланың орталық бөлігінде орналасқан Астана даңғылының бойында жаңақорғандық еңбекшілер өздері өндірген ауыл шаруашылығы дақылдарын алып келді. Оның жалпы көлемі 120 тоннаны құрайды.

Аудан еңбеккерлері қала тұрғындарына негізінен күріш, көкөніс-бақша дақылдарын жеткізген. Аталған өнімдер базар бағасынан біршама арзанға сатылды. Мәселен, тұтынушыларға картоп 150, сәбіз 140, пияз 150, қырыққабат 80, қызанақ 680, асқабақ 220, алма 300 теңгеден ұсынылды. Әсіресе  тұрғындар  қаймақ, құрт, ірімшік, сөк, талқан, бал, балық, ет өнімдеріне сұраныс танытты. 

«Ақмешіт» шағын ауданындағы Журба көшесінде Қармақшы ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Онда 55 тонна азық-түлік өнімдері сатылды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<