Елорданы өркендету мәселесі талқыланды

470

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жөнінде мәлімет берілді. Президентке әлеуметтік нысандардың құрылысы, газбен қамту ісі, үлескерлік құрылыс нысандарының аяқталуы және инвестиция тарту мәселелері туралы баяндалды.

Мемлекет басшысы әлеуметтік нысандар құрылысының көлемін ұлғайту, тозығы жеткен ескі тұрғын үйлерді сүру және жаңа тұрғын үй алаптарын дамыту қажет екеніне назар аударды. Жұмыс орындарын ашу және жастарды қолдау мәселесі басым міндеттердің бірі ретінде атап өтілді.

Биыл 10 мың әлеуметтік пәтер салынады. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 3 еседен астам артқан. Биыл тағы да 40 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталады және кемінде 16 мектеп салынады. 

Сонымен қатар кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаладағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға және вакциналауға бағытталған шаралар туралы баяндалды.

Президент елорданы одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Әлем чемпионын қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев шахматтан Әлем чемпионы Бибісара Асаубаеваны қабылдады.

Президент Варшавада өткен Әлем чемпионатында шахматтың «блиц» түрінен алтын және «рапид» бойынша күміс медаль иеленген жас шахматшыны жарқын жеңісімен құттықтады.

Бибісара Асаубаева Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, спорттағы мансабына қатысты алдағы жоспарымен бөлісті.

Мемлекет басшысы Бибісара Асаубаеваның әлемдік шахмат аренасында Қазақстанның намысын келешекте де лайықты қорғай беретініне сенімді екенін атап өтіп, жеңістен жеңіске жете беруіне тілектестік білдірді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<