Ең маңызды екі мәселе

281

0

Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары Серік Қожаниязов, Нұрымбет Сақтағанов, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, басқарма басшылары мен жауапты мамандар және БАҚ өкілдері қатысты.

Алдымен облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов қоғамдық кеңестің жаңа құрамына арнайы куәліктер табыстап, бірлесе атқаратын жұмыстарына сәттілік тіледі.

Күн тәртібінде қаралатын мәселелерді кеңес төрағасы Әріп Хожбанов таныстырып өтті. Алғашқы мәселе бойынша облыстық қоғамдық кеңестің ауыл шаруашылығы, табиғатты пайдалану және ауылдық аймақтарды дамыту мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Болат Нұрхожаев баяндама жасады. Ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру жұмыстарының іске асырылуы туралы жан-жақты саралады.

– Облыста 324 өндіруші және дистрибьюторлық компания, 430 көтерме жеткізуші, сондай-ақ 4779 супермаркет, үй жанындағы шағын дүкен сауда жасайды. Сонымен қатар мемлекеттік органдар азық-түлік тауарлары бағасын негізсіз өсіру, делдалдықпен өсіру жағдайына мониторинг және тексеріс жүргізіп отырады. Әлемде қалыптасқан заңдылық бойынша базар бағасын нарық экономикасында ұсыныс пен сұраныс айқындайды. Бұл бүгінде елімізде қалыптасқан әлеуметтік экономикалық ахуалға байланысты қолданылып отырған мемлекеттік шара екенін ескеруіміз керек.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін тұрақтандыру қаржысы «Байқоңыр» ӘКК АҚ арқылы игеріліп отыр. Бүгінде 576,15 млн теңгені құрайтын 1695,8 тонна өнім қоры сақталса, оның ішінде қарақұмық 301, қырыққабат 21, картоп 13, макарон 20, күнбағыс майы 434, сәбіз 136, ұн 453, күріш 120, қант 194 тонна бар, – деді ол. 

Сондай-ақ баяндамашы азық-түлік бағасын тұрақтандырудың бірден-бір жолы – өнімді өзімізде өндіру екенін айтты. Мәселен, облыс аумағында өндіруге болатын картоп, пияз, сәбіз, қарақұмық, қызылша және тағы басқа дақылдарды егуге биыл  дайындық жұмыстарын жүргізіп, келер жылдың көктемінде бастаған қолайлы. Ол үшін алдын ала келісілген бағамен ақысын төлеп, күзде өніммен қайтарып алу тәсілімен аталған өнімдерді өндіру мүмкіндігі бар барлық ауылдық әкімдік, жергілікті кәсіпкер мен тұрғындар арасында бірлескен шаруашылық  құрылу қажет деп есептейді. Көктемде өнімнің 60-70 процентін алдын ала ақы төлеу арқылы немесе қаржыны тұқым, жер өңдеуге, тағы басқа шығындарға кезеңмен беріп, қалғанын өнімді қабылдаған соң төлеп, ӘКК арқылы қаржыландыруды қолға алуға болатынын айтады. Қаржы игерудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін басқарма төралқасының құрамына  облыстық кеңес өкілін кіргізу керегін тілге тиек етті. Қала мен әр ауданнан, ауылдан келетін  жолдардың ыңғайлы тұсынан, трасса бойынан көтерме сауда базарларын жасауды  ұсынды.

Кеңесте қаралған келесі мәселе облыстағы медицина қызметінің сапасы туралы болды. Сапалы медициналық көмек алу – тұрғындардың басты құқығының бірі. Кез келген дамыған мемлекет тек бизнес, өндіріс саласымен ғана емес, медицинаның даму деңгейімен өлшенеді. Облыстағы бұл саланың қазіргі жағдайын жан-жақты талдап, мониторинг жүргізген облыстық кеңестің әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссия төрайымы Аида Әбибуллаева таныстырды. 

– Қазақстан дамыған мемлекеттердің қатарына кіруді мақсат еткеннен бері медицина саласында жыл сайын көптеген өзгерістерге көңіл бөлінуде. Біздің өңірімізде мемлекеттік  18 стационарлық және 21 амбулаториялық емхана халыққа көмек көрсетуде. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде тұтынушыларға қызмет көрсету барысында бірқатар қолайсыздықтар анықталды. Соның ішінде, №1 емхана ғимараты типтік жобаға сай емес, күту залы, дәліздері өте тар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жоғарғы қабаттарға көтерілу мүлде қарастырылмаған. Қалалық №3 емхананың жұмысын зерделеу барысында жұмыс тобы емхана дәрігерлерінің жүктемесі үлкен екенін байқаған. Осы себепті тұрғындарға сапалы қызмет көрсете алмай, шағым көп.  №4 емхананың да ғимараты тозығы жеткен, қазіргі заман талаптарына сай келмейді. Онда жұмыс жасау, қызмет көрсету қолайсыз. Сондай-ақ №5 емхананың да ғимараты типтік жобаға сай емес, күту залы тар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар жоғарғы қабаттарға көтеріле алмайды. Жаңа базар  аймағындағы  №6  емхананың автотұрағына жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, асфальт төселмеген, арбамен қозғалуға қиындықтар туғызады, – деді ол. Баяндамашы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі жүгенсіздіктерге де тоқталды.

– Өкінішке қарай, халықтың тегін дәрігерлік қызмет пен тегін дәрі-дәрмекке сенімі аз. Сондай-ақ, өздеріне тиесілі бұл қызмет түрінен хабары да мардымсыз. Бірақ, әлеуметтік зерттеу (аудит) нәтижелері  халық өз денсаулығын және құқықтарын қорғау жөніндегі заңнама туралы білмегендіктен, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде мемлекет ұсынатын тегін медициналық көмекті толық көлемде пайдаланбайтынын көрсетті. Тұрғындардың көбісі өз денсаулығына жеткілікті деңгейде қарай  алмайды, аурудың алдын алудың қаншалықты  маңызды екенін түсінбейді. Әрине, екінші жағынан, экологиялық апаттың  салдарын объективті бағалау өте қиын. Дегенмен, мемлекеттік тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  жүйесі бойынша өз құқықтарымызды толық білмейтінімізді мойындауымыз керек. Бұл жағдайға басты себеп – аталған жүйенің  қарапайым адамға қолжетімді, ашық, түсінікті түрде жеткізілмеуі. Мұндай ахуал, әлбетте, көптеген күмән тудырып, толассыз шағымдарға әкелуде. Ол шағымдарды біз күнделікті әлеуметтік желілерден де оқып жүрміз. Мониторинг барысында кездескен бірнеше сұрақты айтып кетейін. Мысалы, азаматтарымыз МРТ, КТ, тағы басқа қажетті қызметті алу үшін дәрігердің  жолдамасымен ұзын сонар кезекке тұрады да, айлап күтеді. Амал жоқ, уақыт үнемдеп, ауруы үдемес үшін ақылы қызмет түрін таңдауға мәжбүр. Сөйте тұра, денсаулық сақтау басқармасы аудандық ауруханаларға және емханаларға МРТ, КТ құрылғыларын бюджет есебінен сатып алып жатыр. Халыққа аса қажетті медициналық құрылғылармен неге барлық медициналық ұйымдарды сақтандыру қоры қамтымайды? Неліктен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына бөлінетін ақшадан бөлек, бізде медицинаға тағы басқа да бюджеттен шығындар жанама түрде бөлінуде? – деді Аида Ибрагимқызы.

Кеңес отырысында  созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар науқастарға көрсетілетін медициналық қызметті дамытудағы жол картасының орындалу барысы туралы әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссияның мүшесі Абай Шайнұров айтты. Облыста 20 мыңнан астам адам созылмалы бүйрек ауруымен есепте тұрады. Оның ішінде 300 адам диализге тәуелді болса, 80 адам бүйрегін ауыстырған. Ал мұндай созылмалы науқастарды емдейтін нефролог мамандар жетіспейді.

– Аймақта небәрі 6 дәрігер болса, оның 4-уі 60-ты алқымдаған. Олар зейнетке шығып кетсе, науқастардың жайы не болатынын білмеймін. Бұл мәселені 2016 жылдан бері көтеріп келемін. Қазір созылмалы науқастардың жағдайы күрт төмендеп кетті. Нефрологиялық орталық ашылды дегенмен, ол кішкене ғана кабинет. Онда 70-ке таяған білікті маман отыр. Ол кетіп қалса, ізін басатын өз ісінің нағыз маманы жоқ. Облыстағы бүкіл науқастар сол дәрігерге келіп көрінеді. Маман жетіспеуінен Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына қатынап, емделуге мәжбүрміз. Алты жылдан бері өзге қалаға қатынап емделу үшін, тек жол қаражатыма 3 миллион қаржы кетті. Осылай сандалып жүруіміз – жүйелі жұмыстың жоқтығынан, – деді А.Шайнұров.

Кеңестің кезекті отырысында  бұл тақырып тағы да қозғалатын болады. Талқыланған мәселелер бойынша ұсыныстар қабылданып, ол тиісті жоғары орындарға жолданады.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<