Өткенін қадірлеген халықтың болашағы жарқын болады. Кең-байтақ жерімізді қорғап, ұрпаққа аманат етіп қалдырған батыр бабаларымызға құрмет көрсету – ұрпақтың қасиетті парызы. Осы ұстанымның негізінде туған елін сыртқы жаулардан қорғау жолында күрескен қазақ қоғамының қайраткерлері Жолай жасауыл Ырысымбетұлы және оның туған ағасы Шыбынтай би мәңгілікке байыз тапқан жерге, Арал ауданының Ырғызбен шекарасына жақын Қарақұмдағы Үңгірсордың маңайына бір топ ұрпақтары ескерткіш белгі қойдық, бабаларымыздың рухына тағзым еттік.
Ресейге бодан болу саясатына қарсы шығып осы Баршақұмда өз ауылдарымен қоныс тепкен Шыбынтай мен Жолай ру басшыларымен бірге Қарақұмда Қайыпұлы Батыр сұлтанды хан көтеру рәсімін ұйымдастыруға белсене атсалысқаны тарихи дереккөздерде таңбаланған.
Қазақстанның Халық жазушысы Ә.Кекілбаевтың «Елең-алаң» романында Шыбынтай бидің есімі аталады. Ресей елшілігіне арнап берген асына Бозғұлдардың келмей қалғанына назаланған Әбілқайыр ханның Қожагелдінің ұрпағы Арыстанбай Айбасұлына: «…Жиырма бес алшынның жарығы, малға кенделігі жоқ ел нуының бірі Шөмен еді. Олар неғып тап мұндай жүдеу келгендерін түсінбедім. Рас, ұсақ үш шөмекейдің қамшысы түгелге жуық. Бірақ ол үшеуінің бәрі қосылып бір Бозғұлдың қарасын толтыра алмай тұр ғой. …Жалтырдың төрт бұйда ұстары – Жәдік, Алман, Шыбынтай, Кенже және Қаратамыр Мәмбет, Балқы Бәйбек Шөмен атамның көшін арқар ұрандының қай ауылының күлінің басына апарып шөгерейін деп жүр?..» деген сөздері келтірілген.
«Алаш» тарихи-зерттеу орталығының қолдауымен жарық көрген «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» атты серияның 13-томының 2-кітабында XVIII ғасырдың алғашқы ширегі мен ортасында ойрат шапқыншылығы кезінде ел басқаруға ерте араласқан би Жолайдың ұлт көшбасшылары қатарында қазақ халқын сыртқы жауға көтере білгені айтылады. Танымал тарихшы ғалым Ж.Қасымбаевтың «Государственные деятели казахских ханств (ХVІІІ в.)» атты монографиясында Жолай жасауылдың ханның ерекше тапсырмаларын орындайтын сенімді өкілі болғаны туралы дерек бар.
Базар жырау, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Тұрымбет Салқынбайұлы, Шегебай Бектасұлы сынды Сыр сүлейлерінің шығармашылығынан Жолай және оның ұрпақтары да орын алған.
Ақтөбе облысы аумағын жайлаған бабаларымыз бодандық саясатын қолдамағандықтан өз ауылдарымен Қарақұмға қоныстанған. Қазіргі күні Ырғыз жерінде «Жолай көлі» деген атау кездеседі.
Бабаларымыздың мәңгілік мекені Қарақұмда екенін әкемнен және басқа да көнекөз қариялардан жастайымнан естіп өстім. Сол жерді табуды өзіме мақсат етіп, ұзақ жыл іздендім. Ақыры 2025 жылы бауырым Қазыбек 1958 жылы шыққан КСРО Бас штабының әскери-топографиялық картасынан бабаларымның зиратын тапты. Картаның 1984 жылы қайта басылған нұсқасында да зират орны көрсетіліпті.
Шыбынтай би мен Жолай жасауылға қойылған бұл ескерткіш – өткеннің тасқа қашалған ізі ғана емес, келер буын ұрпақтарға арналған бабалар аманатының белгісі. Бүгінгі бейбіт өмір мен тәуелсіздік – елін қорғап, жерін сақтап, ұрпағының болашағы үшін жан аямай күрескен алдыңғы буынның маңдай тері мен ерлігінің жемісі.
Қали ОМАРОВ,
ғалым-публицист,
ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар
академиясының толық мүшесі





