Ең жас кандидат 21 жаста

486

0

ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депуттатарын сайлауға облыс бойынша 590 кандидат ұсынылып, бүгінгі таңда 520 азамат тіркелді. Бұл туралы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Парламент Мәжілісіне өңірден ұсынылған 15 кандидаттың 10-ы тіркелген, 2 азаматтың өз өтініші негізінде құжаттарын тіркеуден бас тартылды, 3 азамат құжаттарын талапқа сәйкес етіп толық ұсынбаған. Ал облыстық мәслихатқа барлығы 115 азамат тіркелді. Оның ішінде бірмандаттық негізде 49 азаматқа, партиялық тізіммен 66 кандидатқа тіркеу куәлігі берілген.

– Сондай-ақ, қалалық мәслихатқа 81, аудандық мәслихаттарға 314 азамат тіркелді. Орташа алғанда бір мандатқа 3,3 адамнан келеді.  Бәсекелестік Арал, Жаңақорған аудандарында жоғары, – деді Әділбек Ерсұлтанов.

Тіркелген кандидаттардың 378-і – ер, 68-і – әйел. Ал ең жас кандидат 2001 жылғы, ең ересегі 1957 жылы туған. Сайлауды өткізу жұмыстары жоспарға сай ұйымдастырылуда. Облыс бойынша барлығы 516 сайлау комиссиясы орналасқан. Онда 3382 комиссия мүшесі қызмет жасайды.

18 ақпаннан бастап үміткерлер үшін үгіт кезеңі жүргізілуде. Кандидаттар халықпен кездесулер, ақпараттық материалдар, ресми БАҚ пен онлайн платформа қолданушылары арқылы үгіт жүргізе алады. Қазіргі таңда облыста 115 ресми БАҚ және онлайн платформа қолданушысы үгіт жүргізуге өтініш қалдырып, баға ұсыныстарын жариялады. Оның 18-і – мерзімді басылым, 18-і – электронды БАҚ, 60-ы – интернет БАҚ, 19-ы – онлайн платформа қолданушылары.

Комиссия төрағасының айтуынша, сайлаушылар тізімін өзектендіру және сәйкестендіру жұмыстары күнделікті жүргізілуде және тұрақты бақылауда.

– Сайлау науқанында азаматтар дауыс беру учаскесін нақтылау үшін 20 қаңтардан бастап «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» сервисі іске қосылып, 109 call-орталығы өз жұмысын бастады. Мұнан бөлек, telegram-бот және «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасы арқылы тексеру мүмкіндіктері қолжетімді. Сайлау процесін ашық әрі талапқа сай өткіземіз, – деді Ә. Ерсұлтанов

Айта кетейік, кандидаттың сенімді өкілдері өз парақшасында үгіт жүргізе алады. Бірақ тек бір кандидатқа ғана үгіт жүргізуге құқылы. Ақпараттық насихат жүргізуде қала және аудан әкімдерімен бірлесіп, кандидаттардың сайлаушылармен кездесу орындары белгіленді. Облыста барлығы 169 орын, көпшілік шара өткізетін 31 орын, ақпараттық материалдар таратын 268 орын белгіленді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<