Еңбек бригадаларының өнімді жұмысы

437

0

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының өңірлерге сапары басталды. Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданында болып, партияның сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан әлеуметтік нысандарды аралады. Айдарлы елді мекенінде ауыл жастарынан құрылған еңбек бригадасы мүшелерімен кездесті.

Айдарлы жастар еңбек бригадасы 2019 жылы республикада алғашқылардың бірі болып құрылған. Облыс әкімінің қолдауымен аудандағы жастар жұмыссыздығын төмендету мақсатында 7 ауылдық округте (Шіркейлі, Айдарлы, А.Тоқмағанбетов, Аманкелді, Бесарық, Жетікөл, Қоғалыкөл) жастар бригадалары қайта құрылды. Бүгінде еңбек бригадалары қатарында жұмыссыз, NЕЕТ санатындағы, пробация есебінде тұратын 200-ге жуық адам жұмыс жасайды. Ауыл жастары мемлекет тарапынан тегін уақытша жермен, су айдайтын насоспен қамтамасыз етілген. демеушілік есебінен жер жыртылып, егін алқабы қоршалған. Жанар-жағармай да жеткілікті. Еңбекқор жастар 35 гектар картоп және 25 гектар жерге бақша дақылдарын екті.

– Ерте көктемде жұмыссыз жүрген 40 адам Жаңақорған ауданы Жайылма ауылдық округінде егін егу тәсілдерін үйренді. Шіркейлі ауылдық округінде құрылыс материалдарын шығаратын «Шіркейлі» жастар бригадасы жұмыс жасайды. Құрамында ауылдың жұмыссыз 30 тұрғыны бар. Олар цемент, әк және т.б құрылысқа қажетті заттарды шығарады, – дейді Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығының директоры, аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Нұрман Әбдірасылов.

Кездесуде жастар бригадаларының мүшелері халық қалаулыларына ұсыныстарын жеткізді.  «Айдарлы» жастар бригадасының мүшесі Өмірзақ Есболатов, «Жетікөл» жастар бригадасының бригадирі Дархан Әзімханов елімізде жастар бригадаларының көп емес екенін айтып, тыңайтқыш мәселесін шешіп беруге көмек сұрады.

– Жастардың бос уақытта ішімдік, өзге де зиянды әдеттерге бой алдырмай, мемлекет және демеушілер тарапынан көрсетілген көмекті әрі қарай тиімді іске асыруы көңіл қуантып отыр. Болашақта кооператив құрып, партияның «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмыстарын жетілдіру қажет. Кооператив құрып, егіс көлемін арттырғанда субсидия мәселесі де шешімін табады, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутатты Мұрат Ергешбаев.

Ал депутат Мархабат Жайымбетов «AMANAT» партиясының «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында заңсыз берілген немесе пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтарып, оны ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендету бойынша қолға алынған шараларды атап өтіп, берілген жерді тиімді игеріп, жұмыссыздардың басын қосқан ауыл жастарының бұл тірлігі көпке үлгі екеніне тоқталды.

Өткен жылы жастар бригадаларының бригадирлері облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттары, аудан әкімінің «Ынта» қаржылай сыйлығымен марапатталған. Оларды көтермелеуге бағытталған жұмыстар биыл да өз жалғасын таппақ.

Кездесуге партияның облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов, өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов қатысты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<