Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның мәлімдеуінше, елдегі еңбек нарығының 44 пайызы жасанды интеллектінің ықпалымен өзгереді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
– Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2035 жылға қарай Қазақстанда 562 кәсіп немесе еңбек нарығының 44%-ы (шамамен 4 млн адам) жасанды интеллектінің ықпалымен өзгереді, 46 кәсіп (362 мың адам, 4%) қысқарады, ал 14 кәсіп (49 мың адам) мүлдем жойылады. Сонымен қатар, жасанды интеллект пен экономика салаларының ықпалынан жаңа мамандықтар қалыптасуда, оларға сұраныс алдағы жылдары өсе бастайды. Экономиканың негізгі салаларына жасанды интеллектіні жедел енгізу жоғары білім беру жүйесінен цифрландыру және автоматтандыру жағдайлары үшін мамандар даярлау қабілетін талап етеді, – деді Дания Еспаева Парламент Мәжілісінде жоғары білімді кадрларды даярлау тақырыбына арналған Үкімет сағатында.
Оның айтуынша, осы мақсатта жоғары білімнің қолжетімділігі айтарлықтай кеңейтіліп, мемлекеттік қолдау күшейтілді. Атап айтқанда, кейінгі бес жыл ішінде бұл салаға бөлінетін қаржы көлемі 246 млрд теңгеден 472 млрд теңгеге дейін артқан. Жыл сайын мемлекеттік білім беру гранттарының саны өсіп, биыл олардың саны 77 мың болған. Стипендия мөлшері кезең-кезеңімен ұлғайтылып, кейінгі бес жылда шамамен екі есеге өсті.
СЕГІЗ САЛАДА КАДР ТАПШЫЛЫҒЫ СЕЗІЛЕДІ
Қазақстанда экономиканың сегіз бағыты бойынша маман тапшылығы сезіліп отыр. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәлімдемесін Stan.kz ақпарат агенттігі келтірді.
Министрдің айтуынша, 2025 жылдан бастап елде QS (Quacquarelli Symonds) компаниясымен бірлесіп зерттеу жүргізілуде. Сонымен қатар HolonIQ платформасы қолданылып, ол талдау ғана емес, экономиканың қажеттіліктерін болжауға мүмкіндік берген.
– Талдау нәтижесінде Қазақстанда негізгі сегіз бағыт бойынша маман тапшылығы бары анықталды. Ол озық өндіріс, цифрлық технологиялар, таза энергетика, қаржы қызметтері, өмір туралы ғылымдар, қорғаныс, креативті индустриялар және кәсіби қызметтер, – деді министр.
Жобаның келесі кезеңі студенттерге арналған Learner Platform және жоғары оқу орындарын тексеруге арналған Insights Platform жүйелерін енгізуге бағытталған. Бұл жұмыс төрт университет базасында пилоттық режимде басталады.
– Біздің мақсат – жаппай оқытудан деректерге негізделген жеке оқытуға көшу. Бұл мемлекетке кадр саясатын нақты уақыт режимінде басқаруға мүмкіндік береді, – деді Саясат Нұрбек.
«СБ» ақпарат





