«English for Jastar» – жаңа жоба

264

0

Бұрындары ауылдан қалаға келген қазақ баласы орысша білмегеніне налитын. Қазір мүлде өзгеше, көпшілік ұл-қызының ағылшын тілін меңгеруін де қажет санайды. Себебі, жеті жұрттың тілін білуді әуелден мақсат еткендерге болашақтың есігі ашық. Бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетіндер өз елінде де, шетте де бәсекеге қабілетті жанға айналады. Осыны ескерген қалалықтар баласының бос уақытын түрлі тіл оқыту курстарында өткізуді дағдыға айналдырған. Ал ауылдық жерде қосымша дәріс алуға мүмкіндік беретін мұндай орталықтар тапшы. Бірақ, «Жас Отан» ЖҚ мен «Болашақ» қауымдастығы жаңа жоба арқылы елімізде аталған кемшіліктің орнын толтыруды мақсат етіп отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Жас Отан» ЖҚ ҚОФ төрағасы Талғат Тілес хабарлады.
– «Нұр Отан» партия­сының ауылдық мектеп оқушыларына ағылшын тілін тегін оқытатын «English for Jastar» жобасы іске қосылды. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде іске асып жатқан үштілділікті енгізу жөніндегі ауқымды бағдарламаны қолдау бағытында дайындалған. Тікелей үйлестірушісі – «Жас Отан» ЖҚ. Тың бастама қанатқақты режимде 2 ай бойы жүргізіледі. Жоба аясында еріктілер мен шетелдік азаматтардан құрылған топ 9-11 сынып оқушыларының мектеп бағдарламасынан тыс ағылшын тілін жетілдіруіне атсалысады. Біздің облыстан 19 ерікті жобаға қатысуға ниет білдірді. Тестілеуден және сұхбаттасудан өткеннен кейін олардың 11-і іріктеліп алынды. Енді олар облыстың барлық жеті ауданында қызмет ететін болады. Оқыту айс-брейкинг, дебат және басқа да әдіс-тәсілдермен жүргізілмек. Келесі айда Арал және Қармақшы аудандарындағы ауыл оқушы­ларына тілді меңгертуге 2 шетелдік азамат келеді деп жос­парлануда. Жобаның сәтті жүзеге асуына облыстық білім басқармасы да қолдау көрсетіп жатыр, – деді Т.Тілес.
Айта кетейік, республика бойын­ша үштілділікті дамытуға ниет білдірген еріктілердің саны 141-ге жеткен екен. Олардың 75-і – жоғары оқу орнында білім алып жатқан студенттер. Ал шетелдік еріктілер қатарында Гарвард университетінің түлегі, Кэмбридж университетінің магистранты Кэннет Палмер бар.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<