Есім қоюға да естелік керек

8292

0

Адам өміріндегі ең бақытты сәттердің бірі ол, өмірінің жалғасы, сәбиінің дүниеге келуі. Иә, адам ұрпағымен мың жасайды. Ал сол ұрпағымыздың келешегі үшін маңызы зор болып саналатын, ұлттық бет бейнемізді айқындайтын «Сәбиге ат қою» дәстүрін қалай орындап жүрміз?
Балаға есім қою – игі дәстүр. Сондай-ақ бұл рәсім әр балаға өмірінде бір-ақ рет жасалатын рәсім. Сондықтан біздің ата-бабаларымыз ежелден-ақ бұл рәсімге атүсті қарамай, аса құрметпен және сақтықпен қараған. Себебі ғалымдардың пікірі мен халық түсінігінде адамның есімі оның болашақ тағдырына тікелей әсер етеді деген сенім бар. Балалар жазушысы Б.Соқпақбаевтың әйгілі «Менің атым Қожа» шығармасындағы бас кейіпкер «Осы менің атымды неге Қожа деп қойды екен?» деп, өз есіміне көңілі толмай, іштей налитыны естеріңізде болар. Әрине «Қожа» деген есім жаман мағына бермесе де, бұл жерде баланың жан дүниесі, кіршіксіз көңілі жатқандығын ескеруіміз керек.
Кей жағдайда үйдің еркесі деп, бесіктен белі шықпаған ұл-қызға есім қою мүмкіндігін беріп жатады. Ал, мұндай жағдайда білері аз ойын баласының таңдауы көк жәшіктен көріп жүрген түрік-үнді сериал кейіпкерлерінен аспай жатады. Бұл да ойланарлық мәселе.
Сәби дүниеге келгенде әрбір саналы отбасы оған жарасымды әрі әдемі есім беруге тырысу керек. Кейбірі заманына сай, ел арасында кең таралған, заманауи есімдерді қойып жатса, кейбірі ата-бабаларының, ұлы тұлғалардың есімін қояды.
Бұрынғы үрдіс бойынша және қазіргі заманда да балаға есім үш күн ішінде берілуі құпталады. Себебі, ана мен бала перзентханадан шыққанша сәбиге есімі қойылып, дәрігерлерге құжатнама үшін де қажет.
Ең алдымен сәбиге ат қоюға кімдер лайық?
Балаға ат қоюға құқылы ең бірінші жауапты тұлға әуелі оның ата-анасы. Әрдайым үлкенді құрметтейтін қазақтың салт дәстүрі бойынша баланың атын көбіне ата-әжесі қояды. Адамгершілік тұрғыдан алғанда бұл үрдіс те дұрыс деп санаймыз. Сондай-ақ өз ортасында сыйлы, қадірлі, елге белгілі, өнегелі адамдарға, ғалымдарға, өнерлі жандарға (би, шешен, күйші, жырау және т.б.) немесе баланың нағашыларына, тіпті жақсы сыйласатын досына да қойдыруға болады.
Ислам дінінде балаға жаман есім қоюға тыйым салынады. Бұл пікірмен психология ғылымы да үндеседі. Себебі, өз есіміне көңілі толмаған бала үнемі іштей өз-өзіне жеккөрінішті сезім тудырады. Жиі пессимистік көзқарасты ұстанып, депрессияда жүреді. Өмірден өз орнын табуы қиын болады.
Есімін өзгертуге байланысты айта кететін бір жайт, қазіргі таңда дін жолына бет бұрған кейбір көрсеқызар, әсіре діншілдер жаппай аттарын арабша есімге ауыстыруды үрдіске айналдыра бастады. Мұсылман болу үшін араб болу шарт емес. Әу баста шыр етіп жарық дүниеге келгенде шексіз қуанып, ата-анасының азан шақыртып қойған әп-әдемі қазақша есімін тәрк етіп, себепсіз оңды-солды өзгерту де құптарлық іс емес. Бұл үрдіс әсіресе сахна төрінде жүрген әншілердің, жалпы өнер адамдарының арасында кеңінен белең алып келе жатқаны байқалады. Әрине оларға қарап, жастардың да еліктейтінін ұмытпауымыз керек.
Ауыл ақсақалдары ақырет жайлы сөз етсе «Қиямет күні әрбір адам өзінің алғашқы қойылған есімімен шақырылады» дейтұғын. Ал, қазіргі дінге жаңадан бет бұрып жатқан бауырларымыздың қазақша есімінен жеріп, арабша лақаб есім телуі еліктеушіліктің бір көрінісі деп бағалаймыз. Құранда да адамзатты ұлттар мен ұлыстарға бөліп, әрқайсысын өз ерекшеліктерімен жаратқандығы жайлы аят келеді.
Азан шақырып ат қою
Перзенті дүниеге келген үйде жақын ағайын-туыстары жиналып, жоралғының жөнін білер лайықты жан сәбиді қолына алып, «Аллаһу әкбар» деп, азан шақырып, сәбидің оң құлағына есімін үш рет қайталап айтады. Сондықтан азан шақырып ат қою қазақ халқының мұсылмандық жоралғысының қалыпты дәстүрі болып кеткен. Әкесі өзі азан шақыра алмайтын болса, имам-молдаларды шақырып, баланың басын құбылаға қаратып, оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтып, ата-анасы таңдап қойған есімді «Сенің аты пәленше» деп, үш мәрте айтатын болған. Рәсім аяқталған соң дұға оқылып, қатысқан туысқандары нәрестеге, оның ата-анасы мен туысқандарына ақ тілектерін айтып, үлкендер батасын берген.
Лақап ат қою.
Лақап ат адамды келемеждеу, жамандау не болмаса мақтау, құрметтеу үшін қолданылады. Адамдарды өздері ұнатпайтын, ренжитін лақаптарымен шақыру күнә болады. Сондай лақап атпен кісінің артынан сөйлеу де ғайбатты іске саналады.
Қазақ қоғамында көбіне лақап ат адамның істейтін кәсібіне, түр тұлғасына, қадір қасиетіне қарап қойылған. Мысалы, Қаз дауысты Қазыбек би, Айыр тілді Әйтеке би, Қанжығалы Қабанбай батыр, қасапшы Қаржау, Етікші Ермек т.б. секілді. Ал адамның дене мүшесінің кемістігіне орай соны тілге тиек етіп, адамның атына қосып атау дұрыс емес. Мысалы, соқыр Боранбай, ақсақ Амантай, қыли Қанатбай, қотыр Әмит т.б. деген секілді. Бұл барып тұрған әдепсіздік болып табылады.
Сонымен қатар қазақ халқының тарихында белгілі бір себеппен арнайы ырымдап қоятын есімдер кездеседі. Егер ата-анасының дүниеге келген балалары тұрмай, бірінен соң бірі шетіней берсе, келесі балаға Тұрсынбек, Тұрғанкүл, Тоқтасын, Тоқтар деп немесе әдейі көз тимесін деген ниетпен Итемген, Көтібар деген секілді есімдер де қойған. Сәбиге көз тимесін, өмірі ұзақ болсын деген мақсатпен мағынасы ерсі немесе сиқысыз есімдерді қойған. Мысалы, Сасық, Қисық, Шоқпыт және т.б. Бірақ қазірде бұл ескірген ырымдар қатарында.
Ал егер туылған нәрестелері қатарынан қыз бола берсе, оған да әдейі ырымдап, келесі жолы ұл тусын деген ниетпен Ұлболсын, Ұлбала, Ұлтуған, Ұлмекен, Ұлтай, Ұлжалғас, Ұлбике деген секілді есімдер қойған. Бұл үрдіс қазіргі уақытта да сақталған. Ұзақ уақыт бойы отасып, құрсақ көтере алмай көптен күткен сәбиі дүниеге келсе, онда оған Құдайберген, Аллаберген, Аңсар, Тілепберген, Тілепалды, Тұяқбай т.б. секілді есімдерді қойған.
Сондай-ақ қазақ мұсылманшылықты ұстанғаннан кейін Алла Тағаланың 99 көркем есімін де балаларына қойған. Алайда оны тікелей қоймайды. Сол Алланың 99 көркем есімдерінің алдына Әбді деген сөзді қосып қояды. Ол (арабша Әбд) Алланың құлы деген мағынаны білдіреді. Мысалы, Әбдрахман, Әбдірақым, Әбдімәлік, Әбдікәрім, Әбдіжаппар т.б. секілді.
Кешегі Ресейге бодан болған Кеңес одағының заманында Коммуна, Артельбай, Сьезбек, Советбай деген секілді коммунистік идеологияға байланысты есімдер де көптеп қойылғаны белгілі. Сонымен қатар жаппай Андрей, Алеша, Антон, Юрий, Наташа, Маша деген секілді орысша есімдерді қою да сәнге айналды. Алайда ол тарих болып сол заманның еншісінде қалды. Қазіргі уақытта да балаға Анель, Жанель, Анджелина, Макс, Роберт т.б. секілді еуропалықтардың, батыстың есімін қоюды сәнге айналдырып, оны өздерінше дәреже көріп жүргендер бар.
Ал енді тәуелсіздік алып, бостандықтың таңы атып, халқымыз жетпіс жыл бойы қол үзіп қалған дінімен қайта қауышты. Алайда сырттан келген жат деструктивті діни ағымдардың жаппай жетегінде кеткен жастарымыз өз қағынан жеріген құландай қазақтың бүкіл ұлттық құндылықтарын тәрк ете бастады. Арабтың бүкіл тұрмыстық салтын, ұлттық киімін дін деп қабылдап және соны ұрпақтарының да санасына сіңдіруде. «Ең үлкен қателігіміздің бірі арабтардың мәдениеті мен тұрмыс салтын ислам деп қабылдауымыз» деп дінтанушы Мұртаза Жүнісұлы айтқандай, тіпті олар қазақ боп туғанына да өкінетін сияқты. Олар да өз ұпақтарына жаппай арабша есімдерді қоюды үрдіске айналдырып бара жатыр. Сөйтіп, бүгінде қазақша есімдерінің орнына арабша есімдерді иемдену жайылып келеді. Шындығында араб есімдері бізге таңсық емес.
Алайда әрбір ұлт өзінің ана тілін, ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтаумен ғана ұлт болып қалады. Осыны естен шығармайық ағайын дегіміз келеді.

А. Байқабылов,

Дін мәселелерін зерттеу орталығының

теолог маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<