Еуро-2024: Жолдамадан үміт үзбейміз

554

0

«Астана Арена» стадионында 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан мен Солтүстік Ирландия құрамалары арасында кездесу өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құраманы қолдауға барды.

Топтағы жоғары орынды сарапқа салатын ойынды жанкүйерлер асыға күтті. Қазақстан құрамасы алғашқы минуттан-ақ алаңға кейінгі уақытта жасыл алаңда жасындай жарқырап жүрген Бахтиер Зайнутдинов, Нұралы Әліп, Асхат Тағыберген сияқты мықталарды шығарды. Өйткені H кіші тобының текетіресінде жеңіске жету керек болатын. Оған себеп осыдан бірнеше күн бұрын бірінші айналымда есе жіберген Финляндияға өз алаңымызда тағы 0:1 есебімен ұтылған едік. Осыған дейін бұл командамен төрт мәрте кездесіп, төртеуінде де есе жіберген болатынбыз.

Ә дегеннен ұлттық құрама допқа иелік етіп бастады. Соның арқасында 11-минутта Бахтиер Зайнутдинов қақпаны нысанаға алды. Алайда тепкен добы бағанадан сәл қиыс кетті. Мұнан соң Нұралы Әліп алаң ортасынан доп алып, бірнеше ойыншыдан сытылып шықты. Тіпті айып алаңына дейін енді. Бірақ соққысын дарыта алмады. 27-минутта Абзал Бейсебеков Максим Самородовқа әдемі пас шығарды. Ал екіншісі, өз мүмкіндігін мүлт жібермей, Қазақстанды алға шығарды. Сәлден соң Абзалдың алыстан бағыттаған добы қақпаға кіре жаздады. Мұнан соң Максим де алыстан соққы жасап көрді. Алайда қорғаушыларға тиіп, доп кері серпілді. Осыдан кейін біздің жігіттер шабуылды үдете түсті. Тайм соңына дейін Тағыберген, Оразов, Самородов үштігі қонақтарды біраз әбігерге салды. Оның үстіне Абзал мен Бахтиер қос қапталдан үздіксіз пас асырумен болды. Дегенмен ойынның бірінші бөлігінде басқа өзгеріс көрмедік.

Екінші таймда ойынға Абат Айымбетов, Исламбек Қуат және Аслан Дарабаев шығып, орталық алаңды серпілтті. Дегенмен Адиев шәкірттері есепті еселей алмады. Есесіне өздеріне гол да жібермеді. Әйткенмен, бұл таймда қонақтардың басымдығы айқын білінді. Алаңға тыңнан қосылған Томпсон, Смит пен Чарльз ұлттық құрамаға біраз қиындық тудырды. Әсіресе, 54-минутта Макканн Шацкий қорғаған қақпаға гол соғып, таразы басын теңестіруге мүмкіндік алды. Бірақ оның соққысын Марат Быстров дер уақытында тоқтатып үлгерді. Ал 80-минутта Қуат алыс бұрышты көздеген, алайда Бэйли Пикок-Фаррелл қолын тосып, допты алаң сыртына шығарып жіберді. Ойынның бітуіне санаулы минут қалғанда Зайнутдинов бұрыштамадан доп асырған, алайда Тағыберген бұл мүмкіндікті  пайдалана алмады. Осылайша, ойын соңына дейін біздің құрама қорғаныста сауатты ойнап, таблодағы есепті сол күйі сақтап қалды.

Осы ойыннан кейін ұлттық құрамамыз 12 ұпай еншілеп, топтағы орнын нығайта түсті. Өз тобымызда төртінші орынға түскенмен, көш басындағы командалармен арамызды 1 ғана ұпай бөліп тұр.

Шыны керек, қазір Н тобындағы жағдай шиеленісіп кетті. Өйткені Дания сырт алаңда Финляндияны 1:0 есебімен тізе бүктірсе, Словения Сан-Мариноға жауапсыз 4 гол соқты. Осы есептен кейін Дания мен Словения 3 ұпайдан жинап, 13 ұпаймен көш бастаса, Финляндия мен Қазақстан 12 ұпаймен үшінші және төртінші орынға жайғасты. Дегенмен Еуро-2024 жолдамасынан үміт үзбейміз. Ұлттық құраманың әлі 4 ойыны бар. Мүмкіндік те жоқ емес. Алғашқы айналымда жеңген Солтүстік Ирландияны қайта сүріндірдік. 6 турда да гол соқпаған Сан-Мариноны қайта ойсыратарымыз айтпаса да түсінікті. Тек Словенияда кеткен есені қайтара алсақ олжа. Себебі Даниямен ойын қиынға соғады. Олар бізді екі рет ұтқан фин футболшыларын алғашқы және қарымта ойында да қапы қалдырды. Оның үстіне бірінші айналымдағы нәтиже үшін тісін қайрап отырған болар.

Қош. Енді құрамалар қазан және қараша айларында шеберлік байқасады. Алғашқы екі орынға ие болған құрама 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сатысына тікелей жолдама алады.

Ақтілек БІТІМБАЙ,
«Сыр бойы»

*сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<