Facebook шағын бизнеске көмектесетін тегін қосымшаны іске қоспақ

485

0

Америкалық Facebook компаниясы әлеуметтік желі платформасында шағын бизнеске жәрдемдесетін, онлайн түрде сауда-саттық жүргізуге арналған Facebook Shops жаңа қызметін ұсынбақ.

«Қазіргі уақытта шағын бизнес үлкен қиындықтарға тап болуда, өйткені дүкендер жабылып қалды. Адамдардың көпшілігі онлайн бизнес жүргізуге ынталы. Біздің мақсатымыз – сауда процесін оңай жүргізуге көмектесу және шағын бизнес пен әлемдік брендтердің иелеріне біздің қосымшамыз арқылы тұтынушылармен байланыс орнатуына мүмкіндік жасау», – деп хабарлады Facebook.

Аталған қосымша тегін болады. Ондағы «Бизнес» бөлімінде онлайн-дүкендердегі тауарлар каталогы мен олардың бағасы көпшілікке қолжетімді болмақ. Кәсіпкерлер интерфейсті өз қалауларынша безендіріп, өз логотиптерін орналастыра алады. Осылайша, компанияның айтуынша, желі қолданушыларына қажет өнімдерді табу және тапсырыс беру оңайлайды.

Айта кетсек, Facebook-ті 2004 жылы 4 ақпанда Марк Цукерберг және оның үш курстасы Гарвард университетінде оқып жүргенде құрған. Соңғы есептеулер бойынша, 2,89 млрд-тан астам адам айына кем дегенде бір рет Facebook қызметтерін пайдаланады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<