Ғылым һәм ғарыш

9665

0

Үнді зымыраны жылды ашты

2024 жыл бастала сала, 1 қаңтарда Үндістан ғарыштық зерттеулер ұйымы (ISRO) Сатиш Дхаван атындағы ғарыш орталығынан жылдың бірінші орбиталық миссиясын сәтті ұшырды. Былтыр Күн-Жер жүйесінің L1 Лагранж нүктесіне Aditya-L1 ғарыштық телескопын жеткізген Бхарат елі енді төмен жермаңы орбитасына XPoSat рентген-поляриметриялық телескопын шығарды.

XpoSat – рентген сәулесінің астрономиялық көздерін зерттейтін мамандандырылған поляриметриялық миссия. Жаңа телескоптың негізгі POLIX аспабы 8-30 кэВ орта энергиялы фотондардың поляризациялану деңгейі мен бұрышын өлшеуге арналған. Ал XSPECT аспабы 0,8–15 кэВ энергия диапазонында спектроскопиялық ақпарат жинайды.

PSLV зымыранының 4-сатысына орнатылған POEM-3 эксперименттік орбиталық модуліндегі 10 ғылыми жүктеме түрлі эксперимент жасайды. Орташа зымыранның 60 ұшырылымының 57-сі сәтті өткен екен. ISRO жалпы 92 зымыран ұшырса, соның 77-сі (соңғы 10-ы қатарынан) өз міндетін жақсы орындаған.

SpaceX-тың 300-саяхаты

Биыл 3 қаңтарда SpaceX компаниясы жылдың алғашқы миссиясын орындады. Ванденберг базасының SLC-4E ұшыру алаңынан көтерілген Falcon 9 зымыраны Starlink-7.9 миссиясы аясында кезекті 21 дана Starlink v2 Mini интернет-жерсерігін төмен жермаңы орбитасына шығарды. Осылайша кезінде «жер жүзіне тегін интернет» бастамасын көтерген компания жобасының кезекті әрекеті сәтті болды.

 B1082 жаңа бірінші сатысы OCISLY платформасына сәтті қонған. Жаңа үдеткіштің қатарға қосылуы – сирек оқиға, мысалы былтыр ұшырылған 91 Falcon тоғыздың төртеуі ғана жаңа бірінші сатымен жабдықталған еді. Бұл – компания тарихындағы 300-орбиталық ұшырылым болды. Олардың төртеуі ғана апатқа ұшыраған.

Миссияның тағы бір ерекшелігі – жерсеріктің алтауы модификацияланбаған қарапайым телефондар. Оларға тікелей қосыла алатындай етіп жасалған. Starlink T-Mobile байланыс операторымен бірлесе отырып, АҚШ-тағы 2000 мобильді құрылғымен сынақ өткізеді. Ол SMS жіберуден басталады, ал келесі жылға қарай дауыстық қоңырау мен дерек жіберу іске аспақ. SpaceX жаңа қызмет көрсету туралы АҚШ, Канада, Швейцария, Чили, Жапония, Аустралия мен Жаңа Зеландияның 7 мобильдік операторымен келісім жасасып қойған.

Бір тәулік өтпей, жылдың екінші миссиясы да ұшырылды. Ovzon-3 швед жерсерігін геоөтпелі орбитаға шығарған Falcon 9 құрлыққа аман қонды.

Дайындаған:

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<