Халал саласындағы 5 стандарт қолданысқа енгізілді

877

0

Биыл шілдеден бастап Қазақстан Республикасында Халал саласында жаңа ұлттық стандарттар қолданысқа енгізілді. Қабылданған Халал саласындағы стандарттарда оларды қолданудың  қағидалары бар, сол себепті Халал өнімдерін өндірген кезде осы стандарттардың талаптарын басшылыққа алу қажет.

 ҚР СТ 3483-2019 «Халал өнімдері. Негізгі ережелер». Бұл стандарт Халал өнімдеріне және оны өндіру, сақтау, тасымалдау және таңбалау процестеріне негізгі ережелерді белгілейді. Сондай-ақ Исламның діни дәстүрлеріне сәйкес қолдануға және пайдалануға рұқсат етілген Халал өнімі мен Халал өніміне жатпайтын, яғни тыйым салынатын өнімдерді анықтайды.

Халал өнімдерін өндірген кезде тек Халал өнімінен алынған шикізаттар мен компоненттерді (ингредиенттерді) қолдануға рұқсат етілген. Тұз, бал, жаңа шикі сүт, таза органикалық химиялық заттар, өсімдік тектес жаңа піскен шикізат және құрғақ өсімдік материалдары (дәмдеуіштер, қара және қызыл бұрыш тұқымдары, лавр жапырағы) сияқты шикізатқа, ингредиенттер мен қосалқы материалдарға растайтын құжаттың болуы талап етілмейді. Халал өніміне жатпайтын тыйым салынған жануарлар мен құстардың етін, сонымен қатар олардың бөліктері мен мүшелерін пайдалануға болмайды.

          Стандарттың талаптарына сәйкес Халал өнімдерін өндіретін ұйым өндірістік желі тек Халал өнімдерін өндіруге арналған екеніне кепілдік беруі тиіс. Егер өндірістік желі бұрын Халал өнімі болып табылмайтын өнімдерді өндіру үшін пайдаланылса, онда Халал өнімдерін өндіру алдында санитарлық-гигиеналық ережелерге сәйкес өндірістік желіні тазалау және жуу жүргізілуі тиіс, сондай-ақ Ислам дәстүріне сәйкес салттық тазарту қамтамасыз етілуі тиіс. Халал өнімдерін өндіру, сондай-ақ жануарлар мен құстарды союды жүзеге асырылатын үй-жайлар Халал өнімдерін өндіру процесін тұрақты бақылау үшін бейне тіркеу жүйесімен жабдықталуы тиіс.

          Халал өнімдерін өндіру процесіне ҚР СТ 3453-2019 «Халал өнімдері. Ауыл шаруашылығы малдары мен құстарын сою бойынша қызметті жүзеге асыратын ұйымдар» стандарты бойынша жануарлар мен құстарды союды жүзеге асыратын халал-бақылаушылар мен мамандарды қоспағанда, кез келген ұлт пен діни қызметкерлері қатыса алады.

           Бұл Халал азық-түлік өнімдерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарын соятын ұйымдарға арналған стандарт. Сойылған өнімдерді қайта өңдеу жөніндегі ұйымдар ветеринария саласындағы заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес келуі тиіс. Мал сою орындары тек халал малдарға және халал союға арналуы тиіс.

           Ауылшаруашылығы малдары мен құстарды союды белгілі бір дағдылары бар және союға қажетті біліктілігі бар қасапшы-союшы жүзеге асырады. Жануарлар мен құстарды соятын барлық процесс Халал бақылаушының бақылауында жүзеге асырылады, оның белгілі бір біліктілігі және Халал өнімдерін өндіру рәсіміне бақылау жүргізу құқығына діни бірлестіктен рұқсат беретін құжаты болуы қажет.

          Халал өнімдерін өндіру үшін жануарлар мен құстарды қолмен сою тәсілі ғана қолданылады. Жануарлар мен құстарды сою Ислам каноны бойынша жүргізілуі тиіс.

          Енді бір жаңадан қабылданған ҚР СТ 3485-2019 «Халал өнімдері. Сәйкестігін растауды жүргізу тәртібі» ұлттық стандарты.  

           Халал өнімдерінің сәйкестігін растау – Халал өнімдеріне арналған стандарттау құжаттары бойынша белгіленген талаптарға сәйкес объектінің сәйкестігін құжаттама куәландыру нәтижесі болып табылады. Мұндай құжат берілген сертификаттар тізілімінде тіркелген Халал өнімдерінің сәйкестік сертификаты болып табылады.

         Сәйкестікті растау рәсімдерін тек қана сәйкестікті растау жөніндегі органдар және Халал өнімінің сәйкестігін растау саласында жұмыстар жүргізу құқығына аккредиттелген сынақ зертханалары (орталықтары) жүргізеді. Сәйкестікті растау жөніндегі орган сертификат беру туралы шешім қабылдайды, сәйкестік сертификатын ресімдейді және оны берілген сертификаттар тізілімінде тіркейді.        

          ҚР СТ 3484-2019 «Халал өнімдерінің ұлттық сәйкестік белгісі. Техникалық талаптар және таңбалау тәртібі» ұлттық стандартына тоқталсақ. 

         Стандарт Халал өнімдерін өндірудің ұлттық сәйкестік белгісіне қойылатын техникалық талаптарды, сондай-ақ Халал өнімдерін таңбалау тәртібін белгілейді.

         Халал өнімдерінің сәйкестік белгісі – Халал өнімдерінің стандарттау бойынша құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкестігін растау процедурасынан өткендігі туралы сатып алушыларды хабардар ету үшін қызмет ететін белгі. Сәйкестік белгісінің графикалық бейнесі сәйкестік сертификатының нөмірімен сүйемелденуі керек.

           Сәйкестік белгісі өнім қорабында көрінетін жерде, ашық және өшірілмейтін болуы тиіс. Сәйкестік белгісінің түсі фондық түске қарама-қарсы болуы тиіс. Сәйкестік белгісін орындау жасыл түсті болуы тиіс.  Сәйкестік белгісімен қоса «Halal Qazaqhstan» қолшатыр брендін ерікті түрде қолдануға рұқсат етіледі.

           ҚР СТ 3454-2019 «Халал қоғамдық тамақтандыру қызметі. Жалпы талаптар» ұлттық стандарты. 

          Барлық меншік нысанындағы, әртүрлі типтегі және сыныптағы қоғамдық тамақтандыру орындары – Халал қоғамдық тамақтандыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын мейрамхана, бар, кафе, асхана, дәмхана, тез қызмет көрсету кәсіпорындары, буфет, кафетерий, кофеханалар, аспаздық дүкен осы стандарттың талаптарына сәйкес келуі тиіс.

          Халал қоғамдық тамақтандыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың сәйкестігін растауды жүргізу тәртібі ҚР СТ 3485-2019 «Халал өнімдері. Сәйкестігін растауды жүргізу тәртібі» ұлттық стандартында белгіленген талаптарға сәйкес келуі тиіс. Кез келген типтегі және класты қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарында Халал өнімдері үшін ғана қызмет көрсету қамтамасыз етілуі тиіс.

Қоғамдық тамақтану орнында Ислам канондарына сәйкес дұға (намазхана) жасауға арналған жеке бөлме немесе дұға ету орны қарастырылуы тиіс деген талаптар бар.

                                                                              Техникалық реттеу және метрология

                                                                       комитетінің Қызылорда облысы

                                                                             бойынша департаменті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<