Халықаралық әріптестік нығайып келеді

634

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде жаңа оқу жылында 10 мыңнан астам студент білім алады. Биыл университетте бакалавриат бойынша мемлекеттік білім беру грантын иеленгендер саны өскен. Білім алушылар контингенті 13, ал грант саны 25 пайызға артқан.  Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректоры Бейбіткүл Кәрімова айтты.

– Қазіргі уақытта білім ордасында студенттерге 500-ден астам профессор-оқытушы дәріс береді. Оның ішінде 22 ғылым докторы мен профессор, 38 Phd докторы, доцент, 174 ғылым кандидаты, 220-дан астам магистр қызмет атқарады. Кадрларды даярлау 5 институт пен 25 кафедра базасында 118 білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек» деген болатын.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде халықаралық әріптестік нығайып келеді. Атап айтар болсақ, өңірімізде Оңтүстік Корея Республикасы Үкіметінің қолдауымен Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен (SeoulTech) ынтымақтастық аясында Жасанды интеллект және бизнес-инкубация жоғары мектебі ашылмақ. Мұнда жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және информатика саласындағы үздік кадрлар дайындалатын болады. Алдағы уақытта британдық серіктестермен бірге (University of Suffolk and Change School) біздің университет Қызылорда және Шымкент қалаларындағы кәсіпкерлік білім беру нарығын зерттейді. Зерттеу нәтижелері бойынша университет базасында Британдық Жоғары бизнес мектебін ашу жоспарлануда.

Тағы бір атап өтерлігі, білім алушылардың жатақханамен толық қамтылуы басты назарда. Университет жатақханаларындағы орын саны – 1230. Қазіргі уақытта студенттер үйіне 1097 білім алушы жолдама алды. Жатақханаға орналасу бойынша арнайы Call-center жұмыс жасайды, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<