Халықаралық турнир басталды

486

0

Кеше Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кентінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен жастар арасындағы ХV дәстүрлі халықаралық турнир басталды.

Байрақты бәсекеге Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласы және еліміздің өзге де облыстарынан келген 200-ге тарта балуан бозкілемде бақтарын сынауда.

Турнирдің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет құттықтау сөз сөйлеп, өскелең ұрпақ үшін дүбірлі доданың маңызы жоғары екенін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың жеделхаты мен  облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың «Құттықтауын» жеткізді.

Мұнан соң Қазалы және Арал аудандарының құрметті азаматы Айтбай Көшербаев, жастар арасындағы грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Нұрым Дүйсенов лебізін білдіріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Елге еңбегі сіңген арда азаматтарын туған жердің халқы ұмытпақ емес. Мемлекет және қоғам қайраткері Е.Көшербаевты еске алуға арналған халықаралық сайыс биыл 15-мәрте ұйымдастырылып отыр. Айта кетейік, байрақты бәсеке Әйтеке би кентіндегі №17 ауданының олимпиадалық резервтік мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде өтіп жатыр. Аталған турнир 24 қазанға дейін жалғасады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<