Халықтар достығы татулықтың жарқын үлгісі

2316

0

Бүгін орталық алаңда 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай этнос өкілдерінің төл мерекесі атап өтілді. Іс-шарада түрлі ұлт өкілдерінің әні мен биі мызғымас бірліктің айқын көрінісін сездірді.

Орталық алаң түрлі атрибуттармен әрленіп, жер шары халықтар достығының нышанын бейнеледі.

Мерекеде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр халқын мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жолдады.

– Бірлігі жарасқан елдің тірлігі де төрге озады. Бүгінгі таңда ұлы мақсаттарды ұлықтап, достыққа құшағын айқара ашқан Қазақстан заманауи әлемде ел

Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлымен бірге дамудың жаңа көшін бастады.

Берекелі бірлігіміз бен тату тірлігіміздің арқасында серпінді істеріміз нәтижелі болып, өңіріміз жаңа деңгейге көтеріліп, еліміздің іргелі облыстарының қатарынан көрінеді деп сенемін.

Жұдырықтай жұмылған ауызбіршілікпен ортақ мүдде жолындағы қиындықтарды қайыспай көтеріп, қуанышымызды бөлісіп, ақ ниетімізді, асыл қасиеттерімізді танытып келеміз. Бұл – тілі басқа болса да, тілегі бір, жүзі басқа болса да, жүрегі бір жұртымыздың айнымас бірлігінің шексіз дәлелі. Біздің күшіміз – болаттай берік бірлікте!, – деді аймақ басшысы.

Орталық алаңдағы шара концерттік бағдарламаға ұласты. Думанды мерекеде қазақ эстрадасының әншісі Серік Ибрагимов мерекелік ән-шашуын арнап, қалың жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, өзге де өнер иелері тұрғындардың көңіл-күйін көтерді.

Аймақ басшысы елмен бірге түрлі ұлт өкілдерінің қолөнер бұйымдары қойылған көрмені аралап, балалар шығармашылығын топтастырған шағын қойылымды көріп, түрлі спорттық ойындарды тамашалады.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<