Халықты әлеуметтік қолдау маңызды

283

0

Фото: Қазалы ауданының әкімдігі

Бүгін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен аудандағы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы мәселелер бойынша мәжіліс өтті.

Мәжіліске ауданға жұмыс сапарымен арнайы келген Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев қатысып, сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті.

Басқосуда аудан басшысы халықтың әлеуметтік көмекпен қамтылуы, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі екендігін айтып, аталмыш сала бойынша көрсеткіштердің орындалу барысына тоқталды.

Мейрамбек Зинабдинұлы жиын барасында бірқатар ауылдық округтердің «Алғашқы жұмыс орны» жобасы, жастарға берілетін 2,5 пайыздық несие, түрлі жобалар үшін мемлекет тарапынан берілетін грант сынды мүмкіндіктерді пайдаланбай, белгіленген көрсеткіштерді мүлде орындамаған округ әкімдеріне қатаң ескерту берді. Сонымен қатар аудандық «Мансап» орталығының директоры Болатбек Баймахановқа кент, қала және ауыл әкімдерімен бірлесе отыра жастардың өз кәсіптерін бастау үшін 2,5 пайызбен жеңілдетілген шағын несие туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Жиын соңында аудан әкімі 2024 жылға арналған индикаторларының бекітілген жоспарын өз деңгейінде орындап, мемлекет тарапынан берілген қолдауды тиімді пайдаланып, тұрғындарды, әсіресе, жастарды жұмыспен қамту мәселесін басты назарда ұстау қажеттігін ескертті.

Айта кетейік, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев ауданға жасаған жұмыс сапары барысында Мейрамбек Зинабдинұлымен бірге аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен аудандық «Мансап» орталығының жұмысымен танысты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<