Илон Маск 100 миллион доллар береді

1158

0

SpaceX пен Tesla компаниясының бас директоры Илон Маск көмірқышқыл газын жинаудың ең жақсы технологиясын жасаушыға сыйлық беруге уәде етті.

«Мен көмірқышқыл газын жинаудың үздік технологиясын ойлап тапқан адамға сыйлық ретінде 100 миллион доллар бөлемін», – деді.

Ол ұсынысын келесі аптада егжей-тегжейлі мәлімдейді.

Жинау процесіне қалдықты өнеркәсіп және энергия көзінен бөлу, содан кейін оның атмосфераға енуіне жол бермеу үшін көмірқышқыл газын сақтау кіреді. Негізгі мақсат – ғаламдық жылыну және қоршаған ортаның ластануымен күресу.

Қазіргі кезде Маск – Bloomberg рейтингінің мәліметінше, ғаламшардағы ең бай адам. Кәсіпкердің байлығы – 201 миллиард доллар.

Тесла акцияларының құны өсуі аясында ол 169 миллиард долларға қалтасын қалыңдатты. Бірақ Форбстың бағалауына сай, әлемдегі ең бай кәсіпкер Amazon компаниясының бас директоры Джефф Безос.

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Маск 7 қаңтарда Джефф Безосты басып озып, Tesla акциялары 5,38 пайыз өсіп, әлемдегі ең бай адам атанған еді. Безостың байлығы 193 миллиард долларға бағаланған.

Маск Марста қала салу үшін барлық мүлкін сатуға шешім қабылдаған еді. Кәсіпкер өзінде компаниялардың акцияларынан басқа құнды мүлік қалмайтынын мәлімдеген.

Миллиардер Марстағы құрылыс көп инвестицияны қажет ететінін айтқан.

Bloomberg-тің бағалауы бойынша, Масктың дәулеті бір жыл ішінде 100 миллиард долларға өскен.

Осы уақытқа дейін бірде-бір кәсіпкер бір жыл ішінде 100 миллиард доллар таппаған болатын. Ал Маск биыл осындай көрсеткішке жетті. 49 жастағы Маск Силикон алқабындағы электромобиль шығаратын шағын компанияны әлемдегі жетекші автомобиль өндірушілердің біріне айналдырды. Оның SpaceX аэроғарыш компаниясы 2011 жылдан бері алғаш рет АҚШ астронавтарын орбитаға қайта шығарды. Маск кәсіпкер ретінде биыл автомобиль, аэроғарыш және технология нарығына айтарлықтай өзгеріс енгізді. Тесланың S&P 500 құрамына енуі Маскты әлемдегі бірінші бай адамға айналдырды.

Кәсіпкер 2050 жылға қарай Марсқа 1 миллион адамды жіберуді жоспарлап отыр. Бұл үшін 1000 ғарыш кемесінен құралған флот құрастыратынын айтқан болатын. Ол бұл планетаға ұшуға мүмкіндігі бар адамдарға Қызыл ғаламшарда несие және жұмыс орнын ұсынуға дайын екенін хабарлаған.

Massaget.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<