Инклюзивті білім беру тәсілі талқыланды

587

0

Облыстық оқу орталығы (әдістемелік кабинеті) мен «Orda» жоғары колледжінің ұйымдастыруымен республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары оқытушылары арасындағы шараның мақсаты – кәсіби құзыретті маманның сапасын арттыру, теориялық және практикалық сабақтардың рөлін күшейту.

Конференция аясында ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың қоғамнан оқшаулану жағдайынан шығуы. Мүмкіндіктеріне сәйкес білім алуға конституциялық құқықтарын іске асыру  сынды мәселелер қаралды.

Өзге өңірлерінен қатысқан оқытушылар Zoom платформасы арқылы байланысқа шығып, өздерінің оқу үлгілерін таныстырып, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті.

Конференцияның ашылуында «Orda» жоғары колледжінің директоры Гүлжамила Досжанова шараның маңыздылығына тоқталып, мұндай маңызды шаралар жиі өткізіліп тұру керектігін жеткізді.

– Оқу барысында шәкірт қызығушылығын арттыру арқылы жастарымызға дұрыс бағыт сілтей аламыз. Бұл тұрғыда бүгінгідей шаралардың берер пайдасы көп. Тәжірибе алмасу педагог біліктілігін жетілдіреді, – деді өз сөзінде.

Сонымен қатар облыстық білім басқармасы оқу орталығының техникалық және кәсіптік білім бөлімінің меңгерушісі Нұрхан Боранбекұлы педагогтардың тәжірибе жетілдіруі оқу орындарының білім деңгейін артыратынын атап өтті.

«Инклюзивті білім беру: тиімді оқыту, тәжірибе, мәселелер, шешімі» тақырыбындағы республикалық ғылыми-әдістемелік конференция әр секция бойынша қорытындыланды.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<