Инклюзивті білім – өмір қажеттілігі

412

0

Инклюзивті білім беру – бүгінгі таңда әлем жұрт­шылығының назарын аударып отырған мәселе. Бұл бала­лардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды талап етеді. Ал елімізді әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіргізу үшін инклюзивті білім беруді 2020 жылға дейін 70 %-ке жеткізу жоспарланған. 

«Нұр Отан» партиясы об­лыс­тық филиалы жанындағы «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақ­тылық. Жасампаздық» Сай­лауалды бағдарламасын жү­зеге асыру бойынша «Білім» бағы­тындағы аймақтық комис­сия мүшелері өңірде осы мақсаттағы жұмыстардың орын­далуын тал­қыға  салды.

Жалпы писхологиялық – медициналық – педагогикалық кон­суль­тациялардың 2017-2018 оқу жылына берген есебі бойын­ша, өңірде 6936 мүмкіндігі шек­теулі бала тіркеуге алынған. Олардың 2041-і 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндер болса,4895-і – 7 мен 18 жас аралығындағы балалар. Нақты кезеңде  мектепке дейін­гі жастағы балалардың 33,6%-і балабақшамен, мектеп жа­сын­дағы балалардың  52,7%  жалпы орта және арнайы білім берумен қамтылып отыр.

Жиын барысында облыстық білім басқармасы басшысының  орынбасары Бағдат Бердәулетов хабарлама жасады.

Облыста 2 балабақша мен 1 мектепте инклюзивті оқыту жүр­гізілуде. Оларда 152 бала қамтылған. Бұған қоса 1117 бала  арнайы балабақша топтары мен мектеп сыныптарында бі­лім алуда. Алайда басқарма бас­шысының орынбасары  1549 мүм­кіндігі шектеулі баланың мамандар көмегімен қамтылмай отырғандығын тілге тиек етті. 

– Ерекше білім алу қажеттілігі бар балалардың арнайы маман­дары жоқ  мектептерде  білім алуы бағдарламаны игеруіне әсер етері даусыз.  Осының салдарынан соң­ғы кездері үйден білім алатын оқушылар саны да көбейіп кетті. Мәселен, 2015 жылға дейін үйден білім алатын балалардың басым бөлігі  жүрек, бүйрек, бауыр, лей­кемия секілді сомматикалық  сыр­қаттармен ауыратын болса, бүгінгі күні психикалық дамуы тежеленген, көру, есту, сөйлеу қабілеті бұзылған балалар да білім алуда, – деді облыстық бі­лім басқармасы басшысының  орынбасары.

Жиын барысында арнайы ма­мандар тапшылығы сөз болып, мәселені шешудің жолдары тал­қыланды.

Айта кету керек, бұған дейін комиссия мүшелері партияның «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік орган­дармен  бірлесіп, қаладағы инклю­зивті білім беруге бейімделген балабақша, орта мектеп, арнайы мектеп, қосымша дайындық орта­лығы және орта арнаулы оқу орындарына бақылау жасап, кей­бір білім ошақтарынан анық­талған кемшіліктерге қа­тыс­ты ұсыныстарды тиісті орган­дарға жолдады. 

 

“СБ” ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<