Instagram: ТОП-7 аккаунт

1088

1

«Қандай кітап оқисың?» деп сұрасаң, ойланып қалатын жастар көп. Сондықтан күні-түні әлеуметтік желіде отыратын бүгінгі буыннан «Instagram-да кімді оқисың?» деп сұраған дұрыс секілді. Бір қызығы, қазір үлкен де, кіші де желіге «байланды». Дәлелі – Instagram-да арзан әзіл, мағынасыз вайнмен-ақ миллион оқырман жинаған блогерлер. Бірақ соның арасында бір саланы тұрақты түсіндіріп, сапалы контент қалыптастырған блогерлер бар. Instagram қолданушылары үшін шолу жасап, пайдалы аккаунттарды ұсынуды жөн көрдік.

Әлем елдерін аралап, көр­генін көркем түрде жет­кізе алатын саяхатшы, медиамаманның бірі – Өркен Кенжебек. Айтуын­ша, осы кезге дейін 40-тан астам елге сапарлаған. @Orkeni аккаунты әлем елдерінің тарихы мен қазіргі жағдайын салыстырып беретін ақпараттарымен пайдалы. Тілі жеңіл, мазмұны қызық. Юмор аралас постты оқи отырып, біраз дерекпен та­нысып үлгергеніңді де аң­ғармай қаласың. Айталық, бір жазбасы былай басталады: «Ду­байдан алатын үлгі. Сонда барғандардың сторисінен Dubai moll-дың ішіндегі сарқы­раманы көретінмін. Онда – төмен құлдилап бара жатқан жігіт пошымдас мүсіндер. Бұл не деп қоятынмын. Сөйтсем, інжу-маржан іздеушілер екен ғой… Дәл осы тұста арабтарға басымды идім. Неге? Дубай біз білетін ертегіге айналмай тұрып, мыңдаған жыл маржан табумен аты шыққан еді. Ал бұның қаншалықты қиын кәсіп екенін білсеңіз… Тұзды су. Жоғары қысым. Жыртқыш акула. Қаншамасы содан ерте соқыр, жастай саңырау боп қалатын. Сосын бір маржанды табу мүмкіндігі жүзге бір ғой. Бір түйір маржанды табу үшін кемі жүз ракушканы ашып көру керек… Маржанның бір өзі қазынаға 95% түсім әкелетін. Осылай 1930-1940 жылдарға дейін жалғасты. Қашан жапондар жасанды маржан тапқанға дейін. Бітті. Бірден Дубайдың табысы алпыс есеге азайып кетеді. Әл-қуаты түседі. Экономикасы тәлтіректейді. Осылай отыз жыл тарыққаннан кейін барып мұнай шықты ғой. Сонымен, атакәсібіне әлемдегі ең үлкен сауда орталығының ішінде құрмет көрсетіп, бар қонақ көретіндей тартымды жасай білгенін айтам да. Біз малшылыққа, қойшыларға осындай құрмет көрсете алдық па? Жоқ» дейді ол. Тарихқа қызықпайтындардың өзі оқып кететіндей жазба. Автор жеңіл юморды да сол үшін қолданатын секілді.

Ал, енді әрбір адам үшін маңызды мәселенің бірі бас­пана жайына ке­лейік. Қанша табыс тапсаң да, қар­жы­лық сауатың болмаса қиын.  Тұрғын үй бағдар­ламалары туралы білім же­тіс­песе, амалын таппай, жалақы жет­пей, мүмкін­дігің бола тұра үйсіз жү­руің мүмкін. Сарапшы, экономист Дәулет Мұқаевтың @Dauletten аккаун­тында баспаналы болудың жол­дары түсіндіріледі. Тұрғын үйге қатысты бағ­дарлама, ипотека, базалық мөлшер­леме туралы банк менеджерінің айт­қанына түсіне қоймасаңыз, бұл парақшаға көз қырыңызды салып қойыңыз. Бүгінде парақ­шаға жазылушылар саны 1 миллионнан асқан.

«Банк қызметкері мен алаяқ­ты қалай ажыратуға болады?», «Несие рейтингі», «Кә­сіп­одақтан бас тартсам, премия төлемей ме?» деген сын­ды  сұрақтар кез келген адамда болуы мүмкін. Несиеге қатысты білім бүгінде бәріне керек. Сон­дықтан қаржылық сауат­тылыққа қатысты ақпа­ратпен танысу үшін @gulmiraqarasai парақшасын шолып шы­ғ­уға болады.

Интернеттің иіріміне түсіп, цифрлан­дырудың игілігін көріп жүрсек те, әлі күнге телефон таңдарда Samsung пен Iphone-ның қайсысы жақсы, ноутбуктың қандайын алу керек дегенге ойланатынымыз, блокчейн мен биткойнның не екенін шатастыратынымыз рас. Қымбат смартфонымыз болғанымен, функцияларын дұрыс білмейтініміз де жасырын емес. Әйтпесе, жаңа технологиялардың мүм­кін­ді­гі біз ойлағаннан да жо­ғары. ІТ са­­ланың жілігін шағып, ма­йын ішпесеңіз де, соңғы жаңа­лық­тармен таныс болам десеңіз @timurbektur аккаунтына жазы­луға болады.

Ал, эстетика, саяхат туралы жиһангез блогер, психолог Динара Болаттың жазбалары көпшіліктің көңілінен шы­ғып жүр. Өзіндік ойымен ерек­ше­ленетін блогердің өткен жылы пандемияға қарамастан, тылсым табиғат, жыртқыш жануарларын көзбен көру үшін Ке­нияға сапарлауы оқырмандарын таң­­­­ғал­­дырды. «Өмірге шексіз ға­шық» кі­та­бының авторы фи­ло­со­фиялық ой­ларымен оқыр­­мандарын сергек сана, жылы жү­­рек­тің иесі болуға ұмтыл­­дырады.

Өзгеріс ойдан басталатынын әрбір аудармасы айқындап тұратын журналист, аудармашы Шынар Әбілданың да Instagram-да өз оқырманы қалып­тасқан. Бастысы, өз өмірін жарнамалау­дан аулақ. @ShinarAbilda па­рақ­­­ша­сынан ізгілікке шақы­ра­­тын әңгіме, «жып-жылы» жаз­баларды оқып, ой түйесің.

Бүгінде дәмді асты әзірлеп қана қоймай, сапалы фото, видео арқылы рецептпен бөлісіп, аудиториямен мық­ты байланыс жасай алатын фудблогер­лерге де сұраныс жоғары. Желідегі үздік кондитердің бірі, жерлесіміз фудблогер – Әсел Жұматай. Оның @zhumatayassel аккаунтына 1 миллионнан астам оқырман жазылған.

Айта кету керек, қазір «Instagram: қолыңнан келсе, кәсіп қыл» дейтіндей. Сондықтан оқырманға пайдалы контент жасауды жауапкершілігіне алған бұл блогерлердің арасында ақылы сабақ өткізетіндері де бар. Біздің мақсат – оларға жарнама жасау емес, оқырманға бағыт көрсету.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<