Инвестиция көлемі артты

268

0

Сурет ашық дереккөзден

Биыл аймақ экономикасында ілгерілеу байқалады. Мысалы, жыл басынан бері аймақтағы өңдеу өнеркәсібі мен негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі айтарлықтай артқан. Құрылыс қарқыны мен сауда айналымында да өсім бар. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық статистика департаментінің басшысы Қайрат Әбсұлтанов айтты.

Облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуы туралы ақпарат берген департамент басшысы статистика мәліметін мысалға келтірді. Оның айтуынша, қаңтар-сәуір айларында өнеркәсіп өнімі 7,3 пайыз, өңдеу өнеркәсібі 46,9 пайыз, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,7 пайыз, негізгі капиталға салынған инвестициялар 30 пайыз артқан. Ал құрылыс жұмыстары көлемі 46,2 пайыз, тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі 3,9 пайыз  және сауда көлемі 2,9 пайыз көбейгенін көреміз.

– Биыл өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағамен 340 млрд теңгені құрады. Бұл – 2023 жылғы қаңтар-сәуірімен салыстырғанда 7,3 пайызға артық. Әсіресе, жыл басынан бері облысқа 133,4 млрд теңге инвестиция тартылды. Соның ішінде республикалық бюджет 8,6 млрд теңге, жергілікті бюджет 13,9 млрд теңге, меншікті қаражат 66,4 млрд теңге, банктердің кредиттері 27,4 млрд теңге болса, басқа да қарыз қаражат 17,1 млрд теңге шамасында. Аталған көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға артық, – деді Қайрат Байғабылұлы.

Статистикадан аңғарғанымыз, экономиканың өзге тармағында да өсім кездеседі. Ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 25,1 млрд теңгені құраса, сауда көлемі 223,2 млрд теңгеге жеткен. Ал бөлшек сауда 2,4 пайыз, көтерме сауда 3,8 пайыз артқан екен.

Оң динамика басым бағыт құрылыста. Биыл облыстағы қарқын жоғары. Мысалы, қаңтар-сәуірде құрылыс жұмыстарының көлемі 30 млрд теңгені құраған. Нәтижесінде аймақта 816 тұрғын үй бой көтерді. Оның ішінде 809 жеке және 6 көппәтерлі үй пайдалануға берілген.

– Пәтерлердің жалпы ауданы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,9 пайызға өсіп, 181 мыңнан астам шаршы метрге жетті. Соның ішінде көппәтерлі тұрғын үйлердің жалпы алаңы 93,7 пайызға өсті. Ал пайдалануға берілген жеке тұрғын үйлердің жалпы алаңы 4% азайды, – деді Қайрат Байғабылұлы.

Департамент басшысының сөзінше, жыл басынан бері азық-түлік тауарлары бағасы 2,7 пайыз, азық-түлік емес тауарлар 2,7 пайыз, ал ақылы қызметтер 3,9 пайыз жоғарылаған.

Ерсін ШАМШАДИН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<