Инвестиция: Өңір үздіктер сапында

208

0

Кеше ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен республикалық штаб отырысында өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту мәселесі таразыланды. Үкімет басшысының айтуынша, инвестиция тарту бойынша көрсеткіші жоғары өңірлер қатарында Қызылорда облысы бар.

– Инвестиция көлемі өсіп, нәтижелі жобалардың тиімділігін көрген өңірлер бар. Мәселен, олардың қатарында Түркістан, Жетісу, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және тағы басқа аймақтар бар, – деді Премьер-министр.

Штаб отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, өңірге инвестиция тартудың маңыздылығын атап өтті.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында мықты өнеркәсіптік негіз қалыптастыру, экономиканы өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету үшін өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беру қажеттігіне назар аударған еді. Өнеркәсіп көлеміндегі өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру маңызды. Бұл үшін өнім өңдеуге бағытталған жобаларды жүзеге асыруымыз керек. Жаңа жобалар іздестіріп, инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, тиісті шараларды ұйымдастыру қажет, – деді аймақ басшысы.

Мәжілісте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, өңдеу өнеркәсібіне бағытталған нақты жобаларды әзірлеу тапсырылды. Қызылорда облысының даму орталығы, «ҚазақИнвест» акционерлік қоғамы Қызылорда облысы бойынша өңірлік директорына облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен бірлесіп, өңдеу өнеркәсібі бойынша әзірленген жобаларға инвестор тарту жұмыстарын үйлестіру міндеті жүктелді.

– Жылдың аяқталуына екі айдан астам уақыт қалды. Сондықтан барлық көрсеткішімізді қарап, олардың толықтай орындалуына назар аударғанымыз дұрыс. Қазірге дейінгі көрсеткіштеріміз жаман емес. Республикада алғашқы үштікте келе жатырмыз. Сол қарқынды сақтап, алдағы уақытта да нәтижелі жұмыс атқаруымыз тиіс, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Аталған жұмыстар облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың бақылауында болады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<