Инвестициялық әлеует іскерлікті көрсетеді

216

0

Сейсенбіде  ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инвестицияларды қолдау және ынталандыру шараларының тиімділігі, қалаларды абаттандыру, көгалдандыру мәселелері қаралды.Сонымен қатар, күн тәртібінен тыс Алматы қаласындағы жер сілкінісіне қатысты Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қабылданған шаралар туралы баяндады.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкіметтің алдына инвестиция тарту бойынша ауқымды міндеттер қойылғанын баса айтты. Инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы аясында биыл республикада 2,3 трлн теңгенің 234 жобасын жүзеге асыру жоспарланған.

Мәжілістен кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы бағыттағы жұмыстарды нақтылады.

–       Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңа инвестициялық кезеңді бастауды тапсырған болатын. Осыған байланысты, өңірдегі іске асырылу сатысындағы және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобаларды сүйемелдеп, туындаған мәселелерді шешу, кедергілерді жою үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Биыл облысқа 517,5 млрд теңге инвестиция тарту индикаторы бекітілді. Қаңтар айының қорытындысымен қаржыландырудың барлық көздерінен 40,2 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда көрсеткіш 32,4%-ға өсті. Өңірде аумағы 525 гектар 6 индустриялық аймақ құрылып, оған 9,7 млрд теңгеге инженерлік инфрақұрылым жүйелері тартылған. Бүгінде осы аймақтарда 30 жоба іске асуда. Бұдан бөлек, 22 жобаның құрылысы жүргізілуде. Дегенмен, 4 жоба уақытша тоқтаған, 5 жобаның жер телімдерін қайтару қажет. Ал индустриялық аймақтар бойынша табысталған 525 гектар жердің қазір 206 гектары ғана игерілген. 319 гектар жер бос, яғни 60 пайызы игерілмеген. Қызылорда қаласында 286 гектар, Арал ауданында 10 гектар, Қармақшыда 12,5 гектар жер осы күнге дейін бос жатыр. Мемлекет басшысы жарты жылдың нәтижесі бойынша Инвестициялық штабтың жұмысын қорытындылап, әрбір министр мен әкімнің осы бағытта атқарған жұмысына нақты баға береді, – деді аймақ басшысы.

Нұрлыбек Машбекұлы осы салаға жауапты орынбасары Ардақ Зебешевке инвесторлар жобаларына заң аясында барынша қолдау көрсетуді, нақты нәтиже беретін жұмыстарды қолға алуды тапсырды.

Өз кезегінде Ардақ Темірханұлы аталған мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

– Облыстың инвестициялық және бизнес ахуалын жақсарту бағытында бірқатар бастамалар қолға алынды. Қазіргі кезде іске асырылып жатқан және алдағы уақытта жоспарланған жобаларды кешенді сүйемелдеу жасап, ондағы мәселелер бойынша жедел кері байланыс орнату үшін өңірлік үйлестіру кеңесін айына екі рет өткізу  бекітілді. Осы кезде алты кеңес өткізілді. Кеңес отырыстарының нәтижесінде алдағы бес жылда іске асырылатын жобалар саны нақтыланып, қала, аудан әкімдіктеріне жаңа жобалар ұсыну тапсырылды. Қазіргі кезде жалпы құны 28,6 млн теңгені құрайтын 26 жаңа жоба ұсынылып отыр. Оларға талдау жасалатын болады. Биыл 12 жоба іске асырылады деп жоспарланған еді, зерттеп, саралау барысында іске қосылатын жоба санын 16-ға  жеткіздік. Ол 36,6 млрд теңгені құрайды. Өңірге шетелдік инвесторларды тарту және жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін «Қазақинвестпен» бірлесіп әлеуметтік жобаларды дайындап жатырмыз.  Одан бөлек, өзге де компаниялармен келіссөздер жүргізілуде, – деді Ардақ Темірханұлы.

Аймақ басшысы орынбасарларына және қала, аудан әкімдеріне, тиісті басқарма басшыларына аталған мәселеге барынша мән беріп, қарқынды жұмыс істеуді тапсырды. Қысқа мерзімде жүзеге асатын жобаларды енгізуді және оның нәтижесін халық көруі керектігін баса айтты. 

Күн тәртібіндегі келесі мәселе – көркейту-көгалдандыруға қатысты міндеттер пысықталды.

– Соңғы жылдары көп жұмыс атқарылды, биыл да жалғасын таппақ. Өздеріңіз білетіндей, Қызылорда қаласы қарқынды дамып келеді. Қала аумағы кеңейіп, жаңадан тұрғын аудандар бой көтеріп, халық саны да артты. Аудандарда да осылай. Бұл тұрғындардың өмір сүруіне жайлы орта қалыптастыруды, қала аумағын көркейтіп-көгалдандыруды, абаттандыруды қажет етеді. Өткен жылы абаттандыруға республикалық және облыстық бюджеттерден 6,2 млрд теңге қаржы бөлініп, 51 жоба жүзеге асырылды. Биылға бұл бағытта 37 жобаға 3 млн теңге қаржы қаралды. Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында 5 жыл ішінде елді мекендерге 15 млн түп ағаш отырғызуды тапсырды. Осыған сәйкес, Қызылорда облысының елді мекендерін көгалдандырудың және жасыл аймақтар құрудың 2021-2025 жылдарға арналған өңіраралық жоспары бекітілді. Ол бойынша елді мекендерге 1 млн  ағаш отырғызу межеленген. Кейінгі үш жылда 500 мыңға жуық көшет егілді. Биыл 208 мың түп көшет егу көзделуде. Бірақ өкінішке қарай, мұның бәрі алып кетіп жатқан жоқ. Түсінеміз әрине, біздің өңірдің табиғаты өзге аймақтарға қарағанда ерекше. Көп еңбекті талап етеді. Бірақ соған қарамастан жұмыс істеуіміз керек. Өйткені бұл тапсырма Мемлекет басшысының, Үкіметтің бақылауында. Мейлінше біздің өңірдің табиғатына келетін ағаштарды отырғызуымыз қажет, – деді аймақ басшысы.

Нұрлыбек Машбекұлы өткен жылдан бері абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын наурыз айында бастауды тапсырғанын, жұмыстарды кешікпей қолға алатын уақыт жеткенін ескертті.

Жұмыстың сапалы орындалуы да аса маңызды. Осы орайда облыс әкімі абаттандырылған нысандардың көп уақыт өтпей бұзылатынын, яғни сапасына мән берілмейтінін сынға алды. Қала және аудан әкімдеріне соңғы 3 жылда абаттандырылған нысандарды қайта қарап шығып, кемшіліктерді қалпына келтіру жөнінде міндет жүктеді. Абаттандыруды бастамас бұрын инженерлік инфрақұрылым жүйелерін жаңғыртуды да ескеру қажеттігі айтылды. Жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру үшін 2024-2025 жылдарға арналған елді мекендерді абаттандырудың іс-шара жоспарын әзірлеу тапсырмасы берілді. Қала, аудан әкімдіктері биылғы ағаш отырғызу жоспарын көктем мезгілінде толық орындауы қажет.

Айта кету керек, өткен жылы абаттандыру бойынша  51 жоба жүзеге асырылды. 77 шақырым болатын 58 көше жарықтандырылды, 39 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынып, 6 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері жаңартылды және 17 көпқабатты тұрғын үйдің 5 аулаішілік аумағы абаттандырылды. Демеушілер есебінен қаладағы 26 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері қапталып, 1 млрд теңгеге Қызылорда қаласының орталық алаңы көркейтілуде.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<