Іргелі ұйым мерейі

693

0

Кәсіподақтар қозғалысы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында өзіндік орны бар ірі қоғамдық ұйым. Қазір облыстық кәсіподақтар бірлестігі 12 салалық кәсіподақта 1018 ұйымды, 101 632 мүшесін біріктіреді. Еңбек кодексі негізінде келіссөздер жүргізіліп, құқықтық кеңестер беру жүзеге асырылады. Айта кетейік,  Үкімет қаулысымен 10 қазан – Қазақстан кәсіптік одақтарының күні болып бекітілген.

Мереке аясында қаладағы Жастар орталығында облыс кәсіподақтарының салтанатты жиыны өткізілді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова қатысып, мерекемен құттықтап, ұйым жетекшілеріне, сала үздіктеріне облыс әкімінің марапаттарын табыс етті.

– Кәсіподақ ұйымдары үшін еңбек адамының қауіпсіздігі басты назарда болуға тиіс. Туындаған қиындықтарды дер кезінде шешіп, барлық тараппен тығыз ынтымақтастықта болу – кәсіподақ ұйымдарының негізгі міндеті. Бүгінде облыс әкімі жанындағы үшжақты комиссияда осындай мәселелер қаралып, тиісті шешімін тауып отырады, – деді Б.Шәменова.

Мерекелік жиында ҚР Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Сұлтан Қалиев, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы, облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Мақсұт Нәлібаев құттықтау лебіздерін білдіріп, бірқатар бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерін, еңбек озаттарын арнайы төсбелгімен марапаттады.

Көп жыл кәсіподақ ұйымдарын басқарған, сала ардагерлері Ақмырза Сыдықұлы, Өмірбек Жүсіпов сөз сөйлеп, кәсіподақ ұйымдары қоғамдағы, жұмыс орнындағы түрлі қиын кезеңдерде ұжым арасында ауызбірлік пен тұрақтылықты сақтап, жұмысты ұтымды үйлестіре білуі қажеттігін атап өтті. Жауапты міндетті атқаруда жемісті еңбек етіп келе жатқан әріптестерін мерекемен құттықтап, алғыс білдірді.

Мерекелік шараға еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестер, кәсіподақ ардагерлері, аймақтағы салалық кәсіподақ төрағалары және бастауыш кәсіподақ ұйым белсенділері, озат еңбеккерлер, жалпы кәсіподақ мүшелері қатысты.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<