Ізденген жетер мұратқа

3690

0

Фото: №264 мектеп-лицей

Облыс орталығындағы Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінде 7-сынып оқушысы Ержігіт Сармырзаевтың «Күтеді мені өнердің бір биігі» атты шығармашылық кеші өтті.

Кешті мектеп-лицей директоры Бек Тумурзаев ашып, жас талантқа жүрекжарды лебізін білдірді.

Өнерпазға облыстық мәдениет және спорт басқармасынан, қалалық мәдениет және спорт бөлімінен, С.Майқанова және А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйлерінен, Ә.Тәжібаев атындығы облыстық ғылыми-танымдық кітапханадан, М.Ықсанов атындағы колледжден Алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды.

– Ержігіт – сегіз қырлы бір сырлы оқушы. Ол «Айбала» телебағдарламасын жүргізіп, «Мұрагерім» атты отандық фильмнің Түркия, Грузия мемлекеттерінде және өз елімізде өткен түсірілім жұмыстарына белсене қатысты. Ол анасының арқасында талай белестерді бағындырып келеді. Бала бойындағы кішкене ұшқынды дер кезінде танып, оны дереу шыңдай білген анасына алғыс білдіреміз. Ержігітке толағай табыс, шығармашылық жетістіктер тілейміз, – деді мектеп-лицей директоры Б.Тумурзаев.

Өнер өлкесіне балабақша қабырғасында жүріп-ақ қадам басқан өнерпаз Тасбөгет кентіндегі Сәбира Майқанова атындағы мәдениет үйі жанынан құрылған көркемсөз үйірмесінде өнерін шыңдады. А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйіндегі көркемсөз үйірмесі мен белгілі ақын, режиссер-сценарист Оңталап Нұрмаханов жетекшілік ететін қалалық Жастар театры жанындағы «Бастау» драма үйірмесінде қабілетін жетілдіріп, қаланың мәдени-рухани өміріне белсене араласып келеді. Сондай-ақ, Т.Есетов атындағы мектеп-лицейінде мектеп киностудиясы «Біздің мектептің Қожалары» атты байқау жариялаған кезде, ақын Ұлықбек Бекұзақұлы жазған бүгінгі Қожаның монологын оқып, жеңімпаз атанды.

Кеш барысында Ержігіт «Мен сіздерді жақсы көремін!», «Достығымыз жарасқан», «Сәлем саған туған ел», «Мақтанамын» әндерін орындап, көрермен көңілінен шықты. Ал «Менің атым Қожа» сахналық қойылымындағы «Қожа» бейнесі, «Мұрагерім» фильміндегі рөлі де Ержігіттің актерлік талантын ашты. Мемлекет және қоғам қайраткері Т.Есетовке арнаған арнау өлеңі де оны тағы бір қырынан танытты.

Кеш соңында талантты шәкірт өзінің сынып жетекшісі Ақтолқын Жұмабаеваның және білім ұясындағы барлық ұстаздарының құрметіне «Ұстазым» әнін шырқады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<