«Ядролық сынақ және қазақ даласы» атты онлайн конференция өтті

918

0

21 қаңтарда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті ұйымдастыруымен Zoom платформасында «Ядролық сынақ және Қазақ даласы» атты ғылыми – танымдық онлайн – конференциясы өтті.

Шараға университет оқытушы-профессорларымен қатар Ресейдің Томск политехникалық университетінің профессоры НБарановская., Дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институты ядролық процестер зертханасының инженері Д. Азнабаев қатысты.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Б.Прмантаева конференцияны ашу барысында Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде жасаған алғашқы қадамдарының бірі әлемдегі қуаты тұрғысынан 4-ші ядролық қарудан бас тартуы болғанын атап өтті. Семей полигоны  алаңында   40 жыл бойы  500 ядролық сынақ өткізілгені белгілі,  Қазақстан ядролық қарудан өздігімен бас тартқан алғашқы мемлекет ретінде әлемге  бейбіт даму жолын таныстырып, жаһандық қауіпсіздікке өз үлесін қосты, – деп атап өтті.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушы профессорлары өз баяндамаларында «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының тарихына шолу жасап, Ан­тиядролық қозғалыстың күш-жігері арқа­сын­да 1989 жылы жоспарланған  ядролық сы­нақ­ саны азайтылып, атом қаруының сыналуына қарсы ашық түрде жасалған әлемдегі тиімді шаралардың бірі болғанын атап өтті.

Сонымен қатар конференция барысында ядролық сынақтар мен оның зардаптары, ядролық техногенез және оның биогеохимиялық көрсеткіштердегі көрінісі  туралы жан-жақты талқыланып, университет және Ресей ғалымдары ойларын ортаға салды.

Ядролық қару мәселесі әлі көптеген ғылыми конференциялардың мазмұнын айқындай беретіні анық. Шараны қорытындылай келе қатысушылар ғылыми тұжырымдарын, құнды ой-пікірлерімен бөлісіп, аталмыш  конференцияның осы саладағы ғалымдар ынтымақтастығын нығайта түсетінін айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<